Венесуэладағы оппозиция мен көптеген елдің үкіметтері Николас Мадуроның отставкаға кетуін талап етуде. Латын Америкасы дерліктей, АҚШ пен Канада және бірқатар Еуропа елдері де оппозицияны қолдап, президент Мадуроның мерзімнен бұрын сайлау өткізуін талап етеді. Алайда, Мадуро бұл айтылғандарды шетелдік килігу ретінде бағалап отыр.
Николас Мадуро бірқатар Батыс елдері қойған ультиматумнан бас тартты, әрі: «Біз кез-келген елдің ультиматумын қабылдай бермейміз. Бұл елдегі азматтық соғыс қаупін күшейтеді», – деді. Венесуэлада азаматтық соғыс болса Николас Мадуроны қолдайтын қарулы күштердің бар екені туралы айтылады. Шынында, Венесуэладағы экономикалық, әлеуметтік саяси дағдарысқа қарамастан Мадуроны қолдайтын қандай күштер бар?
Ол әрине бұрынғы лидер Уго Чавес құрған «колективос» (colectivos) мүшелері болмақ. Бұл ұйымның басым көп мүшелері Чавес ұйымдастырған 1992 жылғы революцияға қатысқандар және Чавеспен бірге түрмеге жабылғандар. Олар шын мәнісінде Уго Чавеске адал берілгендер, әңгіме бір ғана «күн көсемге табыну» секілді идеологияда емес. Олар Чавеспен бірге күрескендер.
«Колективос» үкіметтің қолдауымен елде тез қанат жайған. Олар ресми түрде халыққа әлеуметтік көмек көрсетушілер ретінде аталады. Бірақ, елдегі оппозиция оларды құралды топ ретінде қарайды. Чавеске адалдықпен берілген бұл ұйымның мүшелері елде он мыңдап, тіпті жүз мыңдап саналуы мүмкін. Кейін олар Чавестің мұрагері болған Мадуроға ант беріскен.
BBC журналистері «колективос» мүшелері Суберо, Хорхе Навас, Сомбра қатарлы отставкадағы әскерилермен сұхбаттасқан. Олар елдегі экономикалық, әлеуметтік және саяси дағдарыстың бәріне «сыртқы күштер» кінәлі деп қарайды. Әрі, көбі дерлік орта жастар шамасында болса да қолына қару алып, Мадуроны, елді қорғап соғысуға дайын екенін жеткізген. "Мадуро үшін қорған болып тұрып береміз, қасық қаным қалғанша тұрып берем", – дейді Суберо. «Колективос» мүшелерінде "қасық қаны қалғанша соғысу" деген ұстаным кең тараған.
Бұл Венесуэлада азаматтық соғыстың болу мүмкіндігін, әрі азаматтық соғыс болған жағдайда адам шығындарының көбейетінін көрсетсе керек. Күштік құрылымдар дерліктей президент жағында тұрған қазіргі жағдайда Венесуэладағы азаматтық соғыстың салдары халық үшін тым ауыр тимек.