Ауғанстан Талибан ұйымының Мәскеудегі бейбітшілік орнату туралы сөйлесулері кеше соңына шықты. 5 ақпанда басталған Мәскеудегі отырысқа Талибан тарабы 10 адамнан тұратын делегациясын аттандырған, оның сыртында 40-қа жуық саясаткерлер, бұрынғы президент Хамид Карзай қатысқан.  

Ресейлік ақпарат құралдары бұл келіссөзді ауған диаспорасының ұйымдастыруымен өтті деп хабарлағанымен, оның артында бәрі бір Кремльдің тұрғаны айтпаса да белгілі. Себебі, Ауғанстан мәселесінде Ресей өзінің ықпалының бар екенін көрсетіп келеді. Оның үстіне Орта, Таяу-Шығыста АҚШ пен Ресей арасында жаңа бәсекелестік өсіп келеді. Осыдан бұрын АҚШ-тың Ауғанстандағы тұрақты өкілі мен тәліптер арасындағы кездесу өңірде үлкен аңыс тудырғаны да белгілі. Кремль болса тәліптерді Мәскеуге шақыру арқылы Құрама Штатқа қыр көрсетіп отырғаны да шын.

Мәскеу тарабы Ауғанстандағы негізгі ойыншылар арасында диалог өткізуді бастап жатыр. Бірақ, бұл қадамдары қазірге нәтижелі болып тұрған жоқ. Оның себебін BBC-дің Ауғанстандағы қызметінің редакторы Давуд Азам: «Тәліптердің Ауғанстандағы өзге ойыншылармен қандай да бір келіссөз жүргізуге құлқы жоқ», – деп түсіндіреді.

Шын мәнісінде, қазір Ауғанстанда Мәскеу ықпалынан көрі Уашингтон ықпалы басым. Ауғанстанның қазіргі ресми үкіметіне АҚШ дегенін істетіп отыр деуге болады. Ал Ресеймен жұмыс істесуге Кабул билігі ынталы емес. Кезекті Мәскеудегі келіссөзге де Ауғанстан үкіметінің негізгі адамдары қатыспай қалған.

АҚШ пен Талибан арасындағы кездесу туралы бұдан бұрында айтылған болатын. Тәліптермен АҚШ-тың арасындағы талқыда негізінен екі мәселе қарастырылды. Тәліптер Ауғанстандағы барлық шетелдік әскери күштерді шығаруды талап етсе, Құрама Штат өзіне және одақтастарына тәліптерден қауіп болмайды деген кепілдікті алғысы келеді. Былайша айтқанда, Талибан ұйымы «әл-Каида» сынды экстремистік ұйымдармен байланыспауы, керісінше  «Ислам мемлекеті» секілді ұйымдарға қарсы күресуі керек.

Осыған қарап-ақ, АҚШ тәліптермен келіссөз кезінде Ауғанстанның алдағы болашағы, саяси жүйесін қайырып қойған деуге болады (Дербес ел ретінде Ресейдің саясатын қолдай алмаймыз, оның өзіндік себептері де бар. Бірақ, барлық жерде АҚШ-тың саясаты да дұрыс бола бермейді). Қазір АҚШ-тың бұл олқылығын Ресей үкіметі пайдаланғысы келеді. Яғни, Мәскеу өз кезегінде Ауғанстанның ішкі диалогын орнатуға тырысуда.

Ауғанстандағы жағдай қандай?

2001 жылы АҚШ бастаған коалиция Ауғанстанға кірді. Содан бері он мыңдаған тәліптер жойылды немесе тұтқындалды. Бірақ,  17 жыл бұрын билікті құлатқан Талибан қарулы күштері әлсіреп қалған жоқ. Тіпті қазір өзінің айырылып қалған аймақтарын қайта қарамағына алып жатыр. Бұдан 10 жыл бұрын АҚШ пен Ауғанстан үкіметі елдегі тәліп күштері 15 мың айналасында деп мәлімдеген. Қазір тәліптерде 60 мыңнан астам қарулы жасақ бар екені белгілі болды.

Былтырдан бері Ауғанстанда тәліптердің белсенділігі күшейіп, Ауғанстан үкімет күштеріне қауіп күшейді. Үкімет күштері қарсы тұруға тырысқанымен, қарулы күштер арасына жасырынған Талибан жақтастарының шабуылынан көптеген адамын жоғалтты. Талибан күштері елде үкіметтің әлсіз екенін дәлелдеу мақсатында үкіметке бағытталған қарулы шабуылдарын жиілетіп келеді.

Өлкедегі саяси топтардың жанжалы да қауіпсіздікке кері әскерін тигізіп келеді. 2014 жылғы сайлауда біріккен үкіметті құраған екі саяси төп та көптеген мәселелерде пікір бірлігіне келе алмай отыр. Ауғанстанда бейбітшілік орнату үшін АҚШ, Ресей және Қытай сынды державалардан тыс Орталық Азия, Пәкістан, Иран, Үндістан және Сауд Арабиясы сынды елдердің де ортақ пікір табуы аса маңызды. Себебі, қазір Таяу-Шығыста жеңіліс тапқан «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы Ауғанстанға жиналуда. Экстремистік жолмен жиһадшыларды Ауғанстанға шақырса, ондағы жағдай мүлде қиындай түседі және Орталық Азия, Батыс Қытайға ең бірінші қауіп төнеді.

“The Qazaq Times”