Венесуэлада оппозиция жетекшісі Хуан Гуайдо өзін «уақыттық үкімет басшысы» ретінде жариялағаннан кейін, Венесуэла туралы халықаралық ұстаным екіге жарылды (шын мәнісінде бұған дейінгі ұстанымдар ашыққа шықты). АҚШ бастаған бірқатар елдер Хуан Гуайдоны қолдаса, Ресей, Қытай, Түркия қатарлы елдер Николас Мадуроны қолдап шықты. Президент Мадуро оппозиция лидері Хуан Гуайдоны мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деп айыптаған еді.
Венесуэла экономикасы 6 жылдан бері аса ауыр жағдайды басынан өткеріп келеді. Миллиондаған тұрғыны шетелге қоныс аударып кеткен. Бұрыннан қордаланып келе жатқан мәселе, былтыр өткен президент сайлауынан кейін тіпті де күшейе түсті. Николас Мадуро сайлауда жеңгенімен, оппозиция тарабы бұл нәтижені мойындамады. Оған көршілес латын америкалық елдер де сайлауды әділ өтпеді деп санады.
Ал, өткен аптада бірнеше батыстық елдер Венесуэла президентіне 8 күн уақыт беріп, мерзімсіз сайлау өткізу туралы ультиматум қойғаннан кейін, Николас Мадуро бұған қарсы мәлімдеме жасап, «бұл іс елді азаматтық соғысқа бастайтын қауіп» деп бағалаған.
Жексенбі күні ультиматум уақыты аяқталды. Мадуро болса испандық телеарнаға сұхбат беріп, ультиматумның болмайтынын ашық айтып салды. Ол сөзінде: «Біз әркім қойған ультиматумның бәрін қабылдай бермейміз», –деді. Тіпті, Еуропа Одағына қарата: «Сендерге жеті күн уақыт берем, Каталонияны дербес республика ретінде таныңдар» дегенмен бірдей болып қалмақ, жоқ, шын мәнісінде халықаралық қатынас ультиматум бойынша болмауы керек», – деді.
Ал, «бұл жағдайдың соңғы соғысқа алып келе ме?» деген сұраққа, президент Мадуро: «Соңғы жағдай туралы ешкім анық жауап бере алмайды. Бұның бәрі солтүстіктегі империяның және оның Батыстағы одақтастарының алаңғасарлығына тәуелді. Біздің ішкі ісімізге ешкімнің араласпауын талап етеміз, біз мемлекетімізді қорғауға дайынбыз», – деп жауап берген.
Өткен аптаның демалыс күндерінде Венесуэлада Николас Мадуро мен Хуан Гуайдоның жақтастары әр жерде ереуіл өткізді. Елдің қарулы күштері әлі де президент жағында тұрғаны белгілі. Бірақ, жексенбі күні әуе күштерінің генералы Франсиско Эстебан Янес Родригес оппозиция тарабына өткенін мәлімдеді. Бұл елдегі азаматтық соғыс қаупін тіпті де жақындата түскендей болды.
Өткен аптада АҚШ президенті өзінің сұхбатында Венесуэлаға әскер кіргізу болуы мүмкін ықтималдықтың бірі екенін ашық айтқан. Трампқа берген жауабында Мадуро ондай болған жағдайда Венесуэла екінші Вьетнам болып қалатынын, «төгілген қанға Трамп жауап береді» деген пікірін де айтып салған еді. Осылайша латын америкалық елде азаматтық соғыс қаупі барған сайын күшейіп келеді. Сүрия мәселесі аз болса да тынышталған тұста, ондағы сценарий Венесуэлада қойылуы мүмкін. Мадуроны қолдаған Ресей тарабы қарулы күштері әлде қашан Каракаста тұрғаны көптеп айтылуда.