«Қайрат» футбол клубының қадағалау кеңесінің басшысы Қайрат Боранбаев Кипрдегі ресейлік «Уфа» құрамасының жаттығуына қатысқан. Ондағы басты мақсат қазақстандық Еркебұлан Сейдахметовпен келісім-шартқа отыру болып отыр дейді Vesti.kz.
Өткен жылы қазан айының соңында алматылық «Қайрат» командасы Сейдахметов үшін миллион доллар жұмсауға әзір екендігі туралы ақпарат тарап кеткен болатын. Бірақ, оның қаншалықты жүзеге асатындығын ешкім нақты болжай қойған жоқ.
2018 жылдан бастап ресейлік «Уфа» футбол командасында өнер көрсететін Еркебұланның жасыл алаңға шығуына қарағанда, жарақатымен ұзақ уақыт жатып қалғандығы белгілі. Бар болғаны үш ойын өткізіп, екеуінде дубльден, ал бірінде старттық құраммен шықты. Тіпті, Германияға дейін барып ота жасатқан жас футболшы бабына енді-енді келген секілді. Себебі, жақын уақытта алаңнан көресіздер деп көпшілікке уәде берген Еркебұлан алдағы маусымды «Қайрат» клубында бастауы да бек мүмкін.
Кипрдегі «Уфа» құрамасының алғашқы жаттығуы 24 қаңтар күні аяқталды. Ал, екінші кезең 27 қаңтарға жоспарланған. Қазақстандық Мессидің «Қайрат» сапына келу-келмеуі болашақта анықталатын болады.