АҚШ армиясы Сүрия аумағынан шыға бастады.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео қаңтар айының 3-і күні «Newsmax» телеарнасына сұхбат берді. Онда ол АҚШ армиясын Сүрия аумағынан шығару операциясының басталғандығы жөнінде мәлімдеді.
«АҚШ қарулы күштері Сүрия аумағынан шығарылуда. Бірақ президент Трамп «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымымен күресті бұнымен тоқтатпайды. Күрес ары қарай жалғасады» - деді Помпео.
2018 жылдың 24 желтоқсан күні Трамп Сүрия аумағынан АҚШ әскерін шығаруға байланысты құжатқа қол қойған. Оның бұл шешімін Франция сияқты одақтастары «қателікке» балап, өз қарсылықтарын білдірген. Бұнымен қатар Ақ үй әкімшілігінің бұл шешімін алғашқылардың бірі болып Түркия қолдаған. Сарапшылар пікірінше, ресми Анкараның Уашингтонды қолдауының геосаяси астары бар. Себебі АҚШ әскері Сүрия аумағынан шығарылса, Түркияға Сүрия күрдтеріне қарсы күрес жүргізуге ешкім кедергі келтіре алмайды.
Сүрия президенті Башар Асадтың режимі мен террорлық ұйымдар және әртүрлі әскери топтар арасындағы қарулы қақтығыс 2011 жылы басталған. Осы уақыт аралығында 100 мыңнан астам адам көз жұмып, 5 миллионға жуық сүриялық елден кетуге мәжбүр болған. АҚШ бастаған халықаралық коалицияның «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымына қарсы операциясы 2014 жылдың тамыз айында Ирак аумағында басталған. Кейіннен дәл осы жылдың қыркүйек айында Сүрия аумағына ойысқан.