Еуропалық Одақ Түркияның Сүрияда әскери операция бастау туралы жоспарына алаңдаушылық білдірді.
Еуроодақ дипломатиясының басшысы Федерика Могерини арнайы мәлімдеме жасап, Сүрияның солтүстік-шығысында әскери оқу-жаттығу жүргізудің қаншалықты қауіпті екендігін атап өтті. Федерика Могерини: «Түркияның Сүрияның солтүстік-шығысында әскери операция жүргізу туралы мәлімдемесі алаңдаушылық тудырды. Түркия аймақтағы және осы дағдарыста маңызды рөлге ие мемлекет. Біз Сүрияда белең алған лаңкестікті жойып, зорлық-зомбылықты тоқтату және мызғымас тұрақтылық орнатуды қолдаймыз. Сол себепті Түркия билігі одақтас елдердің «Ирак және Левант лаңкестік ұйымына» қарсы күресіне нұқсан келтіріп, осы мемлекетте тұрақсыздық тудыратын біржақты әрекеттерін тоқтатуға сеп болады деген үміттеміз». Оның айтуынша, Сүрияға қатысты кез келген мәселе 2012 жылғы Женева коммюникесі мен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2254-ші қарарына сай жүзеге асырылуы тиіс.
Осы аптада Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Сүриядағы күрд жасақтарына қарсы Ефрат өзенінің шығыс жағалауында әскери операция жүргізуге ниетті екенін айтқан.
Айта кетейік, 2016 жылы Түркия үкіметі Түркияның сепаратистерін қолдап, «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымының маңызды аймағы Жарабулус және әл-Баб қалаларын террорлық топтан азат еткен. Осыдан кейін ресми Анкара YPG-дың батысқа бағытталған әрекеттерін тоқтатуды көздеп, Түркиямен шектесіп жатқан аймақтарды өз бақылауына алуға тырысқан. Өткен жылы қазан айында Түркия билігі Ресей және Иранмен келісіп, Идлиб провинциясына әскерлерін кіргізген болатын. Осы арқылы Сүрияның үкімет күштері мен бөлшектеуші күштері арасындағы қақтығысты тоқтатуға болады деген. Түркия президенті Ердоған НАТО және АҚШ-ты «Сүрия демократиялық күштерін» Түркия шекарасына жақын аумақта әскери жаттығулар өткізбеуге шақырған. Себебі, АҚШ «ИМ» ұйымына қарсы күресу үшін Сүрияның Түркия және Иракқа шекаралас жерінде 30 мың құралды жасақты жаттықтыру жоспарын жария еткен.