Солтүстік Корея басшысы Ким Жоң Ун (Kim Jong Un/Ким Чен Ын) жыл соңына дейін Оңтүстік Корея астанасы Сеулге ресми сапармен бара алмауы мүмкін. Мұндай мәліметті Оңтүстік Корея президент сарайына сілтеме жасай отырып, сол елдің «Йонхап» ақпараттық агенттігі хабарлады.
Аталған ақпарат агенттігі бүгін таңертең Оңтүстік Корея президент сарайы ресми өкілінің сөзіне сілтеме жасап: «Ким Жоң Унның жыл соңына дейін Сеулге сапарлай келуі өте қиын, алайда ол болуы мүмкін сапарға дайындалып жатыр», – деп мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айында Оңтүстік және Солтүстік Корея басшылары екі ел шекарасындағы Панмынжомда кездескен болатын. Сол реті Оңтүстік Корея президенті Мүн Жайн Корей Халықтық Демократиялық Республикасының ең жоғары басшысы Ким Жоң Унды жыл соңына дейін Сеулге ресми сапармен келуге шақырған еді. Әр, Ким Жоң Ун бұл ұсынысты қабыл алған болатын.
Хабарда айтылуынша, Солтүстік Корея мен АҚШ арасындағы ядролық мәселеге байланысты келіссөздегі қиындықтар Ким Жоң Унның Сеул сапарын болдырмауы мүмкін.
2018 жылы басталғаннан бері Корей түбегі мәселесінде бетбұрыс пайда болды. Солтүстік Корея бұрынғы қасарысқан позициясын жұмсартып, келіссөз үстеліне келе алатынын байқатты. Солтүстік пен Оңтүстік Корея арасында және Солтүстік Корея мен АҚШ арасында диалог орнатып, Қытай басшысымен де бірнеше мәрте кездесу өткізді. Тіпті, АҚШ президенті Трамп пен Ким Жоң Ун арасында тарихи кездесу өтіп, Солтүстік Корея ядролық қарудан бас тартатынын да білдірген еді.
Алайда, тараптар арасында жоғары деңгейдегі кездесулер мен диалогтардың өткізілгеніне қарамастан аталған процесс жұрт күткендей жылдам болмады. Бұған көпжақты себептерді айтуға болады. Айталық, АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы түсіністік пен сенімнің әлі де жетерсіз екенін, тараптардың бір-біріне деген саясаты келіссөздердің жүзеге асуына қиындықтар тудырып отырғанын аңғартты.