НАТО Ресейді жақын және аз қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шартты бұзды деп ресми түрде айыптады.
НАТО бірлескен мәлімдеме жасап, Мәскеуден шартты сақтауды талап етті. Солтүстік Альянстың айтуынша, Мәскеу келісімге қайшы 9М729 зымырандық жүйені іске қосқан. «Одақтастар Ресей 9М729 зымыран жүйесін жасау арқылы шартқа қарсы әрекет етіп келген деген қорытындыға келді. Демек, РСМД шарты жойылып, еуроатлантикалық қауіпсіздікке нұқсан келеді», – делінген НАТО мәлімдемесінде. Бұған дейін мұндай мәлімдемені Америка ұсынған болатын. АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Ванесса Аскер BBC-ге берген сұхбатында: «Уашингтонда Ресейдің келісімшартты өрескел бұзғаны туралы нақты дәлелдер бар. Егер 60 күннің ішінде Ресей талапты орындамаса, Америка келісімнен бас тартады», – деді. Бірақ, Ресей бұл айыпты жоққа шығарып, шартты АҚШ-тың бұзып отырғанын алға тартты.
Желтоқсанның 4-інде Брюссельде НАТО-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлері жиналып, «Ресейден төнетін қатерлер» мен Уашингтонның келісімнен нақты қашан шығатыны туралы талқылады. АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео НАТО жиынына келген министрлермен кездесу басталмас бұрын «АҚШ Қырғи-қабақ соғыс кезінде келісімшарттар сақталады деп сеніп қалды, ал Ресей, Қытай мен Иран ядролық шарттарды өрескел бұзып жатты. Келісімнен шығуда тұрғанда ештеңе жоқ» – деді. Министрлер жиын кезіндегі талқыдан соң, толықтай АҚШ-ты қолдайтынын айтты. Жиын нәтижесінде НАТО мәлімдемесіне альянсқа қатысушы 29 елдің өкілдері қол қойды.
Осыған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Жақын және орта қашықтықтағы зымырандарды жою туралы келісімшарттан шығатынын мәлімдеген болатын. «Себебі, Ресей құжаттағы талаптарды орындаған жоқ», – дейді Ақ үй басшысы. Ал НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг: «Ресей тарапы келісімшартты сақтауы тиіс. Біз Мәскеуге барлық талапты орындап отырғанын дәлелдеуге соңғы мүмкіндік береміз. Болашақта түрлі жағдайға тап келуіміз ғажап емес. Сондықтан әлем мұндай құжатсыз өмір сүруге дайын болуы қажет»,– деді.
РСМД шарты дегеніміз не?
Жақын және орта қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шартқа 1987 жылдың желтоқсанында АҚШ пен КСРО көшбасшылары қол қойды. Шарт «Қырғи-қабақ соғысты тоқтатуға басты себеп» ретінде жүзеге асты. Құжат екі елге орта (1000-5500 км) және жақын (500-1000 км) қашықтықтағы жер бетіндегі орналасқан баллистикалық, қанатты зымырандарды пайдалануға және таратуға тыйым салады. Басқа ядролық державалар, соның ішінде Қытай аталған шартқа қол қойған жоқ.
Уашингтон Ресейдің жер бетінде орналасқан 9М729 (НАТО классификациясы бойынша SSC-8) қанатты зымыранын әзірлеуіне байланысты құжаттың ережелерін бұзғаны үшін Мәскеуді бірнеше рет айыптаған. АҚШ-тың Ұлттық барлау директоры Дэниел Коутс өткен аптаның соңында аталған оқиғаға қатысты Ресей 2000-шы жылдардың ортасында-ақ кіші және орташа қашықтықтағы зымырандарын жасырын іске қосқанын және оның әлем үшін қауіпті екенін айтты. Ал Ресей тарапы өз кезегінде АҚШ-ты орташа қашықтықтағы қанатты зымырандарды жарақтандыру үшін Румыниядағы Aegis Ashore кешенін іске қосты деп, өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды.
Құрама Штаттары мен Ресей арасындағы шабуылға арналған қару-жарақ (СНВ-3) туралы шартқа 8 жыл бұрын екі елдің экс-президенттері Дмитрий Медведев пен Барак Обама қол қойған. Ол Уашингтон мен Мәскеу арасында жасалған стратегиялық ядролық қаруды доғару туралы жетінші шарт. СНВ-3 мерзімі 2021 жылы аяқталуы тиіс, алайда екі ел арасындағы қарым-қатынастардың нашарлауы келісімшарт мерзімін ұзартпауы мүмкін. АҚШ аталған шарттан шыққан жағдайда Ресей өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы шаралар қабылдауға мәжбүр болады. Саяси мағынада АҚШ-тың РСМД келісімінен шығуы – қос мемлекет арасындағы ядролық қару-жарақты шектеу туралы шарттарға өзгерістер енгізуге әкеп соғады. Демек, РСМД және СНВ-3 жобасының аяқталуы қару-жарақты бақылау жүйесін күйретеді.