Қырғызстанның экономикалық қылмысқа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) бір жарым жыл бойы Қытайға кен өнімдері мен концентратты заңсыз тасып келген екі компанияны анықтаған. Олар мемлекетке жалпы құны 10 млн сом (143 мың доллар) шығын келтірген.

Қаржы полицияның мәліметінше, «У.Т. и К.» компаниясы 2017 жылы 1 мың 764 тонна сүрме қосындысы бар пайдалы қазба мен концентратты Қытайдағы халықаралық «Б.» компаниясына жіберіп отырған. Тауар лицензиясында кеннің Ош облысындағы «Алик Аликсуяк» кенішінде өндірілгені жазылған.

Аталған компанияның өнімді экспорттауға рұқсат құжаты болмаған. Бір жарым жылдың ішінде «У.Т. и К.» компаниясы 6,2 млн сомның тауарын экспорттаған. Заңсыз кәсіпкерлігі үшін компания үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Қаржы полициясы компания атауын толық атамай отыр. Жергілкіті БАҚ өкілдерінің мәліметінше, бұл Қытайдың «Барс» компаниясына кен тасымалдаған «Универсал Транс и Ко» компаниясы болуы мүмкін.

Бұдан бөлек «Т.С» компаниясы 2017 жылдан 2018 жылдың шілде айына дейін Қытайдың «Ч.» компаниясына 1,5 мың тонна сүрме қосындысы бар кен мен концентрат жіберіп отырған. Экспорт құны 4,2 млн сомды құраған.

Дереккөз мәліметінше, Қытайдың «Чжуня» компаниясына заңсыз пайдалы қазба жеткізіп отырған қырғызстандық «Терек Сүрме» компаниясы.

"The Qazaq Times"