Guardian үш түрлі елдің ықпалды левоцентристік саясаткерлерінің миграциялық жағдайға қатысты сұхбатын жариялады.
Басылымның сауалдарына қатысты пікір білдірген танымал саясаткерлердің қатарында АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы және демократиялық партияның атынан президент лауазымына кандидат Хиллари Клинтон, Ұлыбританияның лейбористік партиясының мүшесі, бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр және Италияның экс-премьері Маттео Ренци бар. Хиллари Клинтонның пікірінше, Еуропа өзінің иммиграциялық саясатын өзгертіп, босқындарға қолдау көрсете алмайтындығын мойындауы қажет. Саясаткер Ангела Меркель мен ЕО-ның басқа да бірқатар елдерінің көшбасшыларына қарасты оң пікірде болғанмен, көші-қон мәселелері бүкіл әлемдегі ұлтшылдық мәселесін туғызатынын атап өтті.
Сондай-ақ, Клинтон көптеген адамдар үшін миграциялық идеялардың маңызды екендігін айтты. Ол барлық американдық жүйе пайда болған кезден бастап авторитаризм қаупіне қарсы әрекет етуге бағытталғанын еске салды.
Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр Клинтонның пікірін құптады. Блэр мейнстримдік партиялар «популистік риторикаға» қарсы тұрмайынша, ұлтшылдық пен популизм артады деп санайды. Оның пікірінше, адамдар мемлекетті саяси қысымға дес бермейтін көшбасшының басқарғанын қалайды.
Ал Маттео Ренци: «Конфронтация, әлемдік дау, өзара қақтығыс онлайн қарым-қатынасқа тән, ол бірте-бірте жек көру климатын қалыптастырады. Яғни барлық дау әлеуметтік желілердің қадағаланбауынан туындап отыр. Бұл бүгінгі және ертеңгі ұрпақтың басты проблемасы: олар қызғаныш, жек көруге дайын тұрады. Бұрын табысты кәсіпкер, журналист немесе әртіс үшін бірінші қадам халық қошаметі болса, қазір бірінші реакция – күмән. Жылдар өткен сайын біз құрметтеу, мақтан ету сезімін жоғалттық», – дейді. Яғни Ренци қазіргі белең алып отырған қайшылықтарға жаңа технология мен жастардың енжарлығы себеп деген пікір білдірді. Себебі, ғаламтордағы жалған ақпараттар мен оны тұтынушы жастардың ой-санасы сепаратизмнің артуына әкеп соғады.
Әлемге белгілі саясаткерлер мен шенділер сөзінің тобықтай түйіні: босқындарға шекараны ашық қалдырмау қажет, еркінсітпеу керек дегенге саяды. Себебі, ділі, діні мүлде өзге жұрт арасында алауыздық, ұлтшылдық жиі орын алуы мүмкін. Қанша дегенмен Америка мен Ұлыбритания миграциялық мәселелерді жіті қадағалау керектігін ескертсе де, «Берлиннің құшағы баршаға ашық!» деп ұрандаған Германия канцлері Ангела Меркель тарапы бұл ұсынысқа еш пікір білдірен жоқ.