Канаданың Қытайдағы өкілетті елшісінің бас болуымен, 15 елдің Бейжіңде тұратын бас елшілері Шынжаң Ұйғыр автономиялы регионы партия комитетінің хатшысы Чын Чуангоға (Chen Quanguo) бірлескен хат жолдады. Хатта Чын Чуангомен кездесуді және Шынжаңдағы аз санды ұлттарды жаппай тұтқындалуының себебін түсіндіруін қатаң талап етті. Бұл туралы Reuters агенттігі, «Азаттық Азия Радиосының» ресми сайты, сондай-ақ, Тайуан (Тайвань) мен Гонконгтың басылымдары жазды.

Канадалық елші бас болған бірлескен хатта, Франция, Швейцария, Еуропалық Одақ, Британия, Германия, Нидерланды, Австралия, Ирландия, Швеция, Бельгия, Норвегия, Эстония, Финляндия және Дания қатарлы елдердің елшілілері қол қойған. Сондай-ақ, Чын Чуангоға жазылған хаттың нұсқалары Қытай Сыртқы істер министрлігіне,  Қытай Қоғам қауіпсіздігі министрлігі және Партия Жоғары комитетінің халықаралық істер жөніндегі комитетіне жолданған.

Reuters агенттігінің хабарында, Шынжаңның бірінші хатшысы, сондай-ақ, Шынжаң үкіметі хатқа еш жауап бермегені айтылады. Халықаралық Адам құқығын қорғау ұйымы Қытай істері жөніндегі басқармасының бастығы Софи Ричардсон канадалық дипломатқа, адам құқығын қорғау мақсатында бұл бірлескен әрекетті ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірген.  Әрі бұл әрекеттің халықаралық қауымдастықтың Қытайдағы адам құқығы мәселесін реттеудегі күш жігерін әйгілейтінін айтқан.

Софи Ричардсон сөзінде: «Біз халықаралық қауымдастықтың тұрақты қысымы Қытай үкіметін аталмыш «Үйрену лагерлерін » жабуға мәжбүрлейді және ондағы мұсылмандардың өз дінін еркін ұстануына қарсы қысымның тоқтатуға итермелейді деп сенеміз. Бұл тұрғысында Канаданың көшбасшылығына дән ризамыз», – деген.

Канаданың Сыртқы істер министрлігі Шынжаңдағы ұлттардың азаматтық және кісілік құқығының өрескел бұзылуына, ондағы тұрғындардың қалыптан тыс бақылау камерасының астында ұсталуына, сондай-ақ, наным-сенім бостандығының тапталуына байланысты Қытай СІМ-не өз алаңдаушылығын білдірген. Сонымен бірге, Канаданың БҰҰ-дағы өкілдері халықаралық қауымдастықтағы Қытай өкілдеріне бұл мәселе жөнінде түсінік беруін, екі жақты кездесу арқылы мәселені талқылау туралы да ұсыныстар тастаған.

Аталған хатта Құрама Штат елшісінің қолы болмағанымен, АҚШ-елшісі арнайы мәлімдеме жасап, Шынжаңдағы халықтың құқығы мен мүддесін қорғау бағытында белсенді қолдау көрсететінін жеткізген. АҚШ елшісі Reuters агенттігіне берген мәлімдемесінде, 2017 жылдың сәуір айынан бері қарай, Құрама Штат тарабы Қытайдың Шынжаң жерінде 800 мыңнан астам, бейресми мәліметтерде 2 млн-ға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да жергілікті халықтың «Үйрену лагеріне» қамалғаны туралы ескерту жасап келе жатқанын айтады. Сондай-ақ, қамауда отырғандарды тез арада босатуды және өнімді шаралар қолданып, жағдайды ретке салуды талап еткен. Осы мәселеге қатысы бар делінген, әсіресе Шынжаң үкіметінің лауазымдылары АҚШ тарабынан санкция тізіміне ілінгенін де атап өткен.

Қытайдағы көптеген елдің ешілері сол елдегі адамдық құқық мәселесі бойынша ерекше және жан-жақты келісілген түрде бұндай қадамдар жасауы, Қытайдың Шынжаңдағы аз санды ұлттардың адамдық құқығын өрескел бұзу әрекетіне халықаралық қауымдастықтың,  әлем елдерін, сондай-ақ,  халықаралық ұйымдардың баса назар аударып отырғанын көрсетеді.

Алайда, Қытай үкіметінің жауабы жұрт күткендей болмай шықты. Қытайдың СІМ өкілі Хуа Чуниың өткен аптада берген жауабында: «Батыс елдерінің Шынжаң мәселесіне алаңдауының қажеті жоқ», – деді. Ол және: «Аталған батыстық дипломаттарының Чын Чуангоға хат жолдауы, Шынжаңдағы адамдық құқық мәселесі бойынша алаңдаушылық білдіруі, өздерінің дипломатиялық ауқымынан асып кеткен әрекет», – деген.

Қытай СІМ өкілі, сондай-ақ, Бейжің билігі аталған дипломаттардың Шынжаңға баруына қарсы еместігін, алайда, олардың Қытайдың ішкі істеріне қасақана және мақсатты түрде араласуына наразы екенін жеткізген.

Reuters кейбір елдердің Шынжаң мәселесі туралы Бейжің билігіне наразылық білдірмеу ісін былай деп түсіндіреді: «Бұл елдер Қытайдың экономикалық қысымынан алаңдайды. Қытай экономикалық қуаты және ол бастамашы болған «Бір белдеу, бір жол» жобасы көптеген елдерде инфрақұрылымдық жобаларды қолға алып отыр. Бұл оларды экономикалық кіріптарлық күйде ұстаған. Сондықтан, Шынжаңдағы мәселе бойынша түсініктеме талап ету,   олар үшін Қытай билігін кінәлағандай сезіледі, әрі Қытай билігінің қысымына қаламыз деп қорқады».

Соншама елдердің түсінік беруді талап етуіне, алаңдаушылық білдіруіне, ескерту жасауына қарамастан, Қытай билігі Шынжаңдағы жасап жатқан әрекеттерін сыңар езулікпен ақтап отырғаны көрініп тұр. Қалыпты дипломатиялық байланыс аясындағы түсініктеме талап етудің өзі Бейжің тарабынан «Қытайдың ішкі ісіне араласу» болып саналады. Бұл коммунистік жүйеге құрылған ҚХР билігінің бірбеткейлігін қайта-қайта көрсетуде. Өкінішке орай, осы мәселеге байланысты көршілес және әлем елдерімен түсіністікке ұмтылу, азаматтарының конституциялық құқығын қорғау сынды өркениетті елге тән әрекет қазіргі Қытай билігінен байқалмайды. Бұл әлем мен Қытай байланысын күн санап кері бағытқа алып бара жатыр.

“The Qazaq Times”