Кеше Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театры өзінің алғашқы спектаклінің тұсауын кесті. «Жыр-жолбарыс» атты музыкалық спектакль халық ауыз әдебиетінің өткен ғасырдағы алыбы Жамбыл Жабаевтың өмірінен көрініс тапқан. Жас театр алғашқы сахналық қойылымында Жамбылдың XIX ғасырдың соңғы ширегіндегі өмірін, тұлғалық, азаматтық болмысын заманауи сахналық бейнелеу тәсілдерімен жеткізуге тырысқан.

Жамбыл мен Кенесарыұлы Сыдық төре. Фото: Фото: QT.

Талантты жас драматург Әннәс Бағдаттың пьесасын Жұмабай Шаштайұлы кеңесшілік етіп, Есләм Нұртазин сахналаған. Бекболат Нұрқасымов музыкамен әрлеп, Әсел Абақаева бимен сәндеген.

Құлманбет пен Жамбыл. Фото: QT.

Қойылым дәстүрлі қанық бояуымен, музыкалық терең образымен, жаңа сахналық бейнелеу тәсілдерімен, ешкімге ұқсамаған жаңа бояу-бөгенайымен тұсаукесерге жиналған көрерменнің ықыласына бөленді.

Қазақстанның халық артисі, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директорының кеңесшісі Е. Обаев қойылым соңында театр мүшелерін, артистері мен режиссерлерін және көрерменді жаңа театрмен құттықтады. «Бұл театрдың өзгешелігі сонда, ешкімге ұқсамайтын, ешкімді қайталамайтын, ешбір академизмді қабылдамаған, өзінің шешімімен жүре алған. Ұлттық мағынададағы қойылымы үлкен суреткерлік, образды деталдарды жақсы қолданыпсыздар», – деді.

Е. Обаев театр артистерін құттықтады. Фото: QT.

Есмұхан Обаев ұлттың тарихи алып тұлғаларының біріне айналған Жамбылды тақырып етіп, сахналық шығарма жазуға батылдық еткен Әннес Бағдатты алқады. Оның Жамбыл өмірін бір сыдырғы жеткізбестен, кедергілер арқылы, сол кездегі қауым, жалпы қазақ арқылы алып келіп, тұлғаны ашалап жеткізген шеберлігін тілге тиек етті. Сонымен бірге, қоюшы режиссері Есләм Нұртазинді, режиссер-хореограф  Әсел Абақаева, музыкалық сүйемелдеудегі образдылық үшін Бекболат Нұрқасымов және Жамбыл рөлін сомдаған Әсет Есжан қатарлы театр артистерін алқады.

Фото: QT.

“The Qazaq Times”