Иран Сүрия жерінде теһрандық (Тегеран) университеттің филиалын ашатынын хабарлады. Бұл Теһранда өткен екі ел парламенттер арасындағы достастық тобының мүшелері мен Иран Ғылыми зерттеу және технология министрі Мансур Колами арасындағы кездесу кезінде жария болды. Бұл туралы IRNA ақпараттық агенттігі хабарлады.
Мәлімдемеде айтылғандай, Теһрандағы Тербиети Мүддерис университетінің Сүрия жерінде филиалы ашылып, сүриялық талапкерлердің өз жерінде білім алуына жағдай жасалады. Иран министрі сөзінде: «Бұл шара Сүриядағы талапкерлерге, әсіресе магистранттар мен докторанттардың өз елінде оқуын жалғастыруға мүмкіндік берер еді», – деді.
Мансур Колами кездесуде Иран мен Башар Асад режимі арасында сауда, құрылыс, инфрақұрылым салаларында келісімдердің бар екенін айта келіп, Иран Сүрияның болашағында маңызды серігі болуға күш салатынын жеткізді.
Иран Сүрия мәселесіндегі жергілікті ойыншылардың бірі. Өңірде Сауд Арабиясымен стратегиялық қарсылас күйіндегі Иран жақында ғана АҚШ-тың қатаң санкциясының қарауылына іліккен болатын. Алайда, Иран билігі Сүриядағы тізгінін тартпайтынын кезекті кездесулер, жоғары деңгейдегі алмасулар арқылы аңғартып отыр.