Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон аймақтық көшбасшыларға «мұрагерін» таныстырмақ.

Қараша айының 16-ы күні ресми Душанбе үлкен мерекеге дайындалуда. Дәл осы күні ел президенті Эмомали Рахмонның өмір бойы жеткен жетістіктерінің алдыңғы қатарынан орын алатын Рогун гидро электр станциясының алғашқы турбинасы іске қосылады деп жоспарлануда. Тәжікстан билігі президент күнімен тұспа-тұс келген бұл айтулы датаға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Ресей елдерінің президенттері мен үкімет басшыларын шақырған. Бір қарағанда бес бірдей мемлекеттің басшыларын жинайтындай анау айтқандай маңызды шара болып көрінбегенімен бұнда өзіндік саяси астар бар.

Сарапшылар пікірінше, Эмомали Рахмон «ғасыр құрылысына» баланған Рогун ГЭС-нің ашылу салтанатына бес бірдей мемлекет басшысын шақыру арқылы өзгеріссіз өмірден қажыған Тәжікстан халқына «ғасыр құрылысының» қаншалыққа маңызға ие екендігін көрсетпек. Екіншіден, осы арқылы Рогун құрылысына инвестиция тартпақ. Үшіншіден, аймақтық көшбасшыларға өзінен кейінгі тақ «мұрагері», ұлы Рустам Эмомалиді таныстырмақ.

Негізінде Эмомали Рахмон Конституция бойынша өмір бойы президент болып сайлануға құқылы. Бірақ секундтар жылжып, сағаттар сырғыған сайын өмір бойы президент болғанымен өлмеу мүмкін емес екендігін кез келген саналы адам түсінетіні анық. Өзбекстан экс-президенті Ислам Кәрімов дүниеден озғаннан кейін бұл табиғаттың заңдылығы аймақтың ақсақалдары атанған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен дәл осы Эмомали Рахмонға қатты сезілген тәрізді.

Бірақ салыстырмалы түрде алғанда Эмомали Рахмон әлі жас. 1952 жылы дүниеге келген ол, биыл небәрі 66 жасқа келді. Оның ресейлік әріптесі әрі құрдасы Владимир Путиннің соңғы кездері жасаған мәлімдемелері мен жұмыс істеу қарқынына қарап, үлкен саясаттан жақын уақытта кетеді деп айта алмайсың. Десе де, өзгелермен салыстырғанда Эмомали Рахмон отбасылық жағдай тұрғысында жолы болған президенттердің қатарында. Неге дейсіз бе? Өйткені оның ісін жалғастыратын, президенттік креслоны атадан балаға мирас етіп қалдыратын «мұрагері», ұлы бар. Қазірдің өзінде ел арасында «болашақ Тәжікстан президенті» саналатын Рустам Эмомали Душанбе қаласының мэры және Республикада болып жатқан кез келген бастаманың қозғаушы күші. Тәжікстанда қандай да бір саяси науқан немесе қарапайым әлеуметтік шаралар өтетін болса, Эмомали Рахмоннан кейін дәл осы Рустамның есімі аталады. Бұл дегеніміз жоғарыда айтылған сарапшылардың «мұрагер таныстыру» операциясының қарашада болу ықтималдығын арттырады.

"The Qazaq Times"