Біраз уақыт бұрын Қауіпсіздік кеңес отырысында президент Назарбаев коммуналдық қызмет түрлерінің бағасы қымбат екендігін айтып, шенділердің жұмысына біраз сын айтты. Осыдан кейін тез арада іске көшкен атқамінерлер біраз облыстың монополистеріне айыппұл салып, бағаны бақылауда ұстайтындарын мәлімдеді. 

Бірінші желтоқсанынан бастап тарифтер бағасын қайтадан төмендету жұмыстары басталмақ. Бұл туралы үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысында мәлімдеді. Сонымен бірге, Бас прокуратурадан арнайы жұмыс тобы құрылып, тарифтерді бақылау жұмыстары жүргізілмек. Бұдан бөлек энергетика және ұлттық экономика министрлігіне арнайы кесте дайындап, келер жылдың бірінші қаңтарынан бастап қандай жүйеде жұмыс істейтіндігін дайындау тапсырылды.

Жалпы, Қазақстанда кез келген мемлекеттік бастаманың президенттің айтуымен ғана жүзеге асатыны да белгілі. Бірақ бір қызығы осыдан тура бір жыл бұрын қыркүйек айының басында Нұрсұлтан Назарбаев дәл осы тұрғын үй-коммуналдық шаруашығына қатысты заңды жетілдіру керектігі туралы үкіметке тапсырма берген. Ол "су және жылу жүйесін модернизациялауға көп қаражат қажет екенін" айтып:

"Халықаралық қаржы институттары мен инвесторларды тарту үшін Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жөніндегі заңды жетілдіріп, тарифтерді қайта қарау керек. Бұл осы саладағы тұтынушылар мен табиғи монополия субъектілерінің қызығушылығын қалыпты етуге мүмкіндік береді. Менің айтқым келгені, біз жылу мен су тарифтерін көтермесек, инвесторлар келмейді. Өйткені әрбір келген инвестор "Мен станция салайын, бірақ электр энергиясын қаншаға сата аламын?" деп сұрайды. Одан қорқудың (тарифтерді қымбаттату - ред.) қажеті жоқ", - деп мәлімдеген.

Осыдан бір жыл бұрын президент тапсырмасын жүзеге асыру үшін тарифтерді қымбатқан шенділер, енді оны қайтадан арзандатуға білек сыбана кірісіп кетті. Қандай да бір саяси науқанның алдында ғана қайта қаралатын коммуналдық қызмет түрлерінің жыры қашан нақты бір жолға түсетіндігі белгісіз. Десе де, сарапшылар «үкіменттің соңғы уақыттары «жан ұшыра» әрекет етіп жатқанына қарағанда, келесі жылы елде мерзімінен бұрын президент сайлауы өтуі мүмкін» деген болжам айтуда.

"The Qazaq Times"