Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея шекарадағы бақылау бекеттерін алып тастауға кірісті.
Ресми Сеул мен Пиоңяң 11 қараша күні екі ел шекарасындағы 20-ға жуық бақылау бекеттерін алып тастауға байланысты дайындық жұмыстарын бастады. Келісім бойынша әр тарап он бақылау бекетін бұзуы тиіс.
Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея арасындағы 250 шақырым шекаралық аймаққа ресми Пиоңяң осы уақытқа дейін 160 бақылау бекетін орнатқан. Ал ресми Сеул өз кезегінде 60 бақылау бекетімен шектелген.
Бұған дейін Yonhap ақпарат агенттігі шекаралық аймақтарды күшейтуге арналған бақылау бекеттерінен әскери техникалар мен армияның шығарылғанын мәлімдеген. Қазіргі уақытта тұрақты армия тек Пханмунджом ауылы аймағында ғана қалған. Себебі аталмыш аймақта қос тарап Корей түбегіне қатысты келісөздер жүргізуде.