Франция астанасы Парижде 70-тен астам мемлекет пен халықаралық ұйымдардың басшылары Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 100 жыл толуына орай өткізілген алу рәсіміне қатысты. Аталған шарада, АҚШ президенті Дональд Трамп, РФ президенті Владимир Путин, Германия канцлері Ангела Меркел, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, өзге де көптеген елдің басшылары жиналған. Әлем елдерінің лауазымды тұлғаларын Франция президенті Эммануэль Макрон Елисей сарайында қарсы алды.
11 қараша, Париж уақытымен 11:00-де, Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына толық 100 жыл толуына орай, 70-тен астам елден келген басшылар Париждегі Арка Де Триумфе алдына жиналып, алапат соғыстың миллиондаған құрбандарын еске алды. Сол соғыста атыс майдандағы шайқасқа әскер аттандырған елдердің бүгінгі басшылары Арка Де Триумфедегі соғыс құрбаны әрі есімі белгісіз жауынгерлердің ескерткішінде аза білдірді.
Адамзат тарихындағы жойқын қырғынның аяқталғанына 100 жыл толуына орай жасалған еске алу шарасы терең мазмұндарды қамтыды. Француз оқушылары сол соғыста өрт пен селдің ортасында жүріп жазылған офицерлердің хатын оқыды. Онда соғыстың зұлмат көрінісі анық бейнеленген.
Ұлыбританиялықтар мен америкалықтар Бірінші дүниежүзілік соғыс сол тұста туылуы мүмкін басқа соғыстарды тоқтатты деп қарайды. Ол өзінің орасан зор қырғынымен адамзатқа ескерту жасады. Алайда, содан 20 жылдай өткенде адамзат тарихында оған дейін болып көрмеген тағы бір қырғынды бастан кешті.
Франция президенті Макрон шарада сөйлеген сөзінде, аталған соғысты «сол уақыттарда Еуропа өзіне өзі қол салды» деп бағалады. Мәліметтерде Бірінші дүниежүзілік соғыста Еуропаның өзінен 10 миллионнан астам адам қаза тауып, шамамен 6 млн адам зардап шеккен делінеді.
Президент Макрон сөзінде, бүгінгі таңда да қолдан жасалған осындай апаттың қауіптері белең ала бастағанын, тарих трагедиялық бағытын жалғастырып жатқанын атап өтті.
Президент Трамп: "100 жыл бұрын олар қорғаған өркениетті қорғау, олар өзін құрбан еткен бейбітшілік пен тыныштықты қорғау біздің борышымыз", – деді.