Өткен сәрсенбіде Сан-Франциско қаласында Samsung корпорациясы көптен күткен жаңа жиналмалы телефонның перезентациясын жасады. Олардың айтуынша, бұл 2019 жылдың технология саласындағы басты жаңалықтардың бірі болмақ.
Samsung компаниясы бұл технологияны жасау үшін соңғы бірнеше жыл бойы Google-мен бірлесіп жұмыс істеген. Компанияның бағдарламалық жасақтама тобы мүшелерінің айтуынша, смартфон күткеннен де асып түскен. Ол жай ғана иілмейді, сонымен бірге, экраны кітап секілді жабылған кезде де екінші қосымша экран пайда болады. Яғни, жиналмалы телефон екі дисплейден тұрады. Гаджет толықтай ашылған кезде планшетті еске салса, оны кітап сияқты жапқан кезде қалтателефонға ұқсайды. Планшет түріндегі дисплейі - 7,3 дюйм, ал жапқан кездегі дисплейі - 4,5 болмақ.
Аталған компанияның маркетинг жөніндегі вице-президенті Джастин Денисон презентация барысында бұл гаджеттің болашақ смартфондар үшін жаңа бастама болатынын атап өтті. Себебі, экранның өндірісі барысында арнайы икемді және қатты полимерлер пайдаланылған. Сондай-ақ, дисплейдің оңай иіліп, жабылуы үшін панелін Samsung басқа мобильді құрылғылардың панеліне қарағанда өте жұқа етіп жасауға тырысқан. Яғни, аталған гаджеттің панелі басқалармен салыстырғанда 45 пайызға жіңішке. Бірақ, оның жіңішке болуы экран сапасының құртылуына әсер етпейді.
Гаджеттің қалтателефон түріндегі қызметі шектеулі: ән тыңдау, қоңырау шалу, не қысқа бейнебаяндар көруге ғана ыңғайлы, ал кітап оқу немесе ойын ойнау секілді дүниелер планшет түрінде тиімдірек. Сондай-ақ, мұнда бір мезетте үш бағдарламаны (ағылшын тілінде- app, орысша - приложение) қатар қолдануға мүмкіндік бар.
Компнаия Android-ке негізделген жаңа құрылғыны 2019 жылдың бірінші жартысында сатылымға қоюды жоспарлап отыр. Сонымен бірге, жаңа гаджеттің әзірге ресми атауы жоқ. Алдын ала болжам бойынша, атауы - Galaxy F болуы мүмкін.
Жалпы, соңғы кездері Samsung смартфондарын сату не сатып алу көлемі азайған. Мәселен, IDC зерттеу орталығының мәліметінше, Samsung смартфондарының жеткізілімдері Шілде-Қыркүйек айларында 13,4 пайызға төмендеген. Орталықтың осы саладағы қызметкері Марта Пантаның сөзінше: "Әртүрлілік өте маңызды. Себебі, Samsung смартфондарының сатылымы Huawei және басқа қытайлық брендтермен бәсекелестікке тап болғандықтан, төмендеп отыр. Егер компания нарыққа шын мәнісінде жаңа әрі ерекше құрылғы әкелсе, онда нарықты жаулап алары сөзсіз". Ал, сарапшылардың айтуынша, аталған жиналмалы телефон Samsung брендін одан әрі нығайтып, дамытуға және қолданушылардың брендке деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізеді.