Ұлыбритания Катармен әскери ынтымақтастықты күшейтпек. Бұл туралы Ұлыбританияның әуе күштері қолбасшысы Стефан Хиллиердің Катар сапары кезінде белгілі болды. Ол Катар орталығы Доха қаласында сол елдің қорғаныс министрі Халид ибн-Мұхаммед әл-Атийемен кездесті.

Кездесу жабық күйде өткенімен екі елдің ақпарат құралдары Катар-Ұлыбритания арасында қорғаныс ынтымақтастығының күшейтілетінін хабарлауда.

Хиллиер осыдан бұрын Катардың Бас штаб басқармасының төрағасы Ганим ибн Шахим әл-Ганиммен де кездесу өткізген.

Екі елдің қорғаныс өкілдері кездесті. Фото: Doha News.

Катар шағын ел болғанымен, Орта Шығыстағы саяси ойынында өзінің саяси, әскери және стратегиялық салмағын танытып келе жатыр. 2017 жылы Катар дағдарысы кезінде Сауд Арабиясы бастаған өзге араб елдерімен қарым-қатынасы нашарлай түсті. Алайда, бірқатар батыс елдері, Түркия және Иран сынды өңірдің маңызды ойыншылары Катар жағына болысқан болатын.

Катар мен Ұлыбритания арасындағы әскери ынтымақтастықтың басы бұнымен басталмайды. 2017 жылдың соңында «Typhoon» жойғыш ұшақтарын сатып беру және сатып алу келісіміне қол қойылған. Сондай-ақ, екі ел арасында бірлескен әскери оқу-жаттығуларда өткізу жоспарлары да бар.

“The Qazaq Times”