Грузия үміткерлер дауысының тең түсуіне байланысты президенттік сайлаудың екінші турына дайындалуда. Бұл – посткеңестік кезеңдегі сирек жағдай.
«Күш бірлікте!» оппозициялық бірлестігі Григол Вашадзе жеңіске жетеді деп санайды. Егер Вашадзе президент лауазымына ие болса, бұрынғы басшы Михаил Саакашвилиге кешірім жасалуы мүмкін. Ал «Грузин арманы – демократиялық Грузия» партиясы тәуелсіз кандидат Саломе Зурабишвили шешуші кезеңде жеңіп шығатынына сенімді. Қос үміткер арасындағы «жарыстың» екінші раунд нәтижелері желтоқсанға дейін мәлім болады. Жаңа сайланған президентті ұлықтау рәсімінен кейін конституциялық өзгерістер күшіне енеді, олар Грузияның парламенттік басқару жүйесіне көшуін аяқтайды. Сондай-ақ келесі президентті 300 адамнан тұратын сайлау алқасы сайлайды.
Орталық сайлау комиссиясының алдын-ала мәліметтері бойынша, 28 қазанда өткен бірінші турда Зурабишвили 38,64%-ы дауыс жинаған. Бұл нәтиже Григорий Вашадзеден бар болғаны 0,9%-ға артық. Биылдан бастап жаңа сайланған президенттің өкілеттігі шектелетініне қарамастан, осы сайлау 2020 жылғы парламенттік сайлау алдындағы саяси күштердің дайындығы десек те болады. Және бірінші турдың қорытындысы биліктегі оппозициялық партиялар рейтингісінің көрсеткіші.
«Азаматтық соғысқа қадам»
Грузиядағы сайлауға қатысты саясаткерлер мен халық пікірі екіге бөлінді. Оңшыл билік партиясы Зурабишвили екінші турда жеңіске жетуі тиіс деп санайды. Басқарушы партияның депутаты Эка Беселия: «Біз елге өте қатты қауіп төніп тұрғанын түсінуіміз керек. Егер осы сайлау нәтижесінде реваншистік күш билікке келсе, бұл ел үшін өте қауіпті» – деп мәлімдеді. Саясаткер Гедеван Попхадзе: «Вашадзе бұл сайлауды жеңсе, Грузияда азаматтық соғыс басталады», – дейді. Оның ойынша, оппозициялық «Ұлттық қозғалыс» партиясында реваншистік көңіл-күй басым және олардың көздегені – Грузияға Саакашвилиді алып келіп, бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктерді тұтқыннан босату.
Грузиядағы билік ауысқаннан кейін Саакашвили Үкіметінің көптеген бұрынғы шенеуніктеріне айып тағылды. Олардың қатарында бұрынғы премьер Вано Мерабишвили және ішкі істер министрі Бачо Ахалая қамауға алынған. Экс-президент Саакашилиге бірнеше іс бойынша айып тағылып, елден қуылды. Грузин прокуратурасының Саакашвилиді Интерполмен халықаралық іздестіруі және отанына экстрадициялау туралы жоспары сәтсіз аяқталған. Екіжақты қарастырар болсақ, экс-президент өзінің атына тағылған айыптауға «абсурд, жалған» деген баға берді.
Биылғы президенттік сайлаудың үміткері Вашадзе Саакашвилиге және басқа да жоғары лауазымды тұлғаларға кешірім жасауды көздеп отырғаны туралы жоспар Грузия үкіметінде қызу талқыға түсті. Осыған қатысты Әділет министрі Тея Цулукиани: «Григол Вашадзе президенттік тақ үшін күреседі деп ойлаймын. Ол Саакашвилиге кешірім жасау үшін таққа таласып отыр», – дейді. Вашадзе бұған дейін «Имеди» телекомпаниясына сұхбат бергенде Саакашвили және бұрынғы биліктің басқа да лауазымды тұлғаларына қатысты кешірім жасау құқығын пайдаланғысы келетінін мәлімдеген. Оның айтуынша, Грузиядағы саяси қудалау тоқтатылуы тиіс.
Билік партиясында оппозиция жоспары туралы сөз қозғалғаннан кейін, экс-президент Саакашвили қылмыстық істің жалған екенін және ешқандай кешірімге мұқтаж еместігін айтты. Ол «Рустави-2» бағдарламасында: «Маған не үшін кешірім керек? Сіз, бәлкім, мені біреумен шатастырып алған боларсыз!?», – деді. Сондай-ақ, Саакашвили Грузия соты халық тарапынан қатаң сынға ұшыраған басқарушы партия төрағасы мен миллиардер, «әділетсіз басшы» Иванишвилидің ықпалынан арылған жағдайда ғана билік пен халық алдында адал екендігін дәлелдейтінін айтты.
Оппозициялық топтар азаматтық соғыс туралы мәлімдемені жалған деп атады. Грузия ұлттық қозғалыс фракциясының төрағасы Роман Гоциридзе: «Адамдарды қандай да бір тұрақсыздықпен және қауіптермен қорқытпаңыздар. Халық жалған ақпаратқа сеніп қалса, ішкі тұрақсыздық орнайды. Ал қазіргі жағдайда бізге тұрақсыздықтың еш қажеті жоқ», – деді. Сайлауға қатысты пікір білдірген сарапшылардың ойынша, қазіргі билік сайлауалды уәделерін орындай алмайды және азаматтардың өмір сүру деңгейін көтере алмайды. Сарапшы, Гия Хухашвили: «Билік бұл тұрғыда мемлекет пен халықтың емес, өзінің мүддесін қорғайды», – дейді. Сарапшының айтуынша, қазіргі уақытта ешқандай революциялық перспективалар жоқ. Себебі, екі тарап халық алдында ымырасыз.
P.S: Какачия: «Бірінші тур нәтижесі: оппозиция жеңісі! Егер «Грузин арманы – демократиялық Грузия» партиясы осы сайлауда ұтылса, бұл оның беделіне елеулі соққы болады. Бірақ мұнымен ештеңе аяқталмайды. Ең бастысы –2020 жылғы парламенттік сайлау. Ол билік пен үкіметте кімнің мықты екенін анықтайды».