АҚШ жергілікті уақытымен сәрсенбі күні таңертең Демократтар партиясының бұрынғы лидерлері Барак Обама мен Хиллари Клинтонның мекен-жайына жолданған жолдама қалтасынан жарылғыш заттар табылды. Бұл АҚШ-тың ақпарат құралдарын дүр сілкіндірген оқиға болды.
АҚШ басылымдарының айтуынша, бұндай жолдамаларды Демократтар партиясының Ұлттық комитеттегі бұрынғы төрағасы Дебби Вассерман-Шульц те тапсырып алған. Ал, оның атынан тағы бір жарылғыш салынған жолдама қалтасы бұрынғы бас прокурор Эрик Холдердің де кеңсесіне жеткен. Бірақ, деректері толық көрсетілмегендіктен «кері жөнелтуге» кеткен.
Пошта арқылы жолданған жарылғыш заттарды қабылдағандар тек бұлар ғана емес. Демократтар партиясының мүшесі болған және лауазымды қызметтеге тағы бірнеше адамға да жолданған. Ал, осыған дейін Нью-Йоркке жақын Жорж Соростың үйінің жанындағы пошта жәшігінен жарылғыш табылғаны хабарланған болатын.
Осыған байланысты Федералдық барлау басқармасы мәлімдеме жасап, бұл ақпараттарды растады. Әрі басқа да лауазымдылардың мекен-жайына осындай жолдаманың баруы мүмкін екенін де ескертті. Тексеру нәтижелерінде бұл жолдамаларда бомбаның бөлшектері, жарылғыш ұнтақтардың болғаны мәлім болған. Бұл оқиғаны анықтау қазір ФББ-ның басты міндеті болды.
АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама жарылғыш салынған қорапшаны ашпағанын, тіпті оған жақындамағанын айтқан. Айта кетерлігі, Барак Обаманың Уашингтондағы үйі Иванка Трамптың үйне жақын орналасқан. Тіпті, арасы небары 2 минуттық жол екенін басылымдар ескерте кеткен. Ал, Хиллари Клинтонның үйне жарылғыш салынған қорапша жеткізілгенде ол Флоридада сапарда болған. Ал, үйінде экс-президент Билл Клинтон болған.
Ақ үй бұл шабуылдарды айыптап, мәлімдеме де таратты. «Жан алғыш жолдамалардың» көбі дерлік Демократиялық партияның Ұлттық комитет төрағасы Дебби Вассерман-Шульц атынан жолданған. 2016 жылы оның комитеттегі хат алмасуларының Wikileaks сайтына жарияланып кеткені үшін Дебби Вассерман-Шульц отставкаға кеткен болатын. Кезекті оқиғаға байланысты ол БАҚ арқылы алаңдаушылығын жеткізді.
Бұл оқиға АҚШ-та 2001 жылдан бергі ең ауқымды «пошта шабуылы» деуге болады. 11 қыркүйек оқиғасынан кейін Уашингтондағы кейбір компанияларға және конгресмендердің мекен-жайына қауіпті індеттің вирусы салынған жолдамалар келіп түскен болатын. Сол ректі шабуылдан 5 адам қаза болып, 17 адам қауіпті індетті жұқтырған еді.
Бұл оқиғаны анықтау ісі де бірнеше жылға созылған. Алғашқы тексеру нәтижелері бойынша белгілі биологиялық қару бойынша эксперт Стивен Хатфил күдікті ретінде аты аталған. Алайда, тергеу соңында оны айыпсыз деп тапты. Ал, күдіктіні Брюс Эдвардс Ивинс деген адамды көрсеткен. Ол 2008 жылға дейін барлау қызметінің бақылауында ұсталды, кейін өз-өзіне қол салды. Соңында биологиялық қару арқылы жасалған шабуылдың басты айыпкері Брюс Эдвардс Ивинс деп жарияланған. Дегенмен оның мақсаты және артында қандай күштердің тұрғаны туралы мәліметтер Федералдық барлау басқармасының құпия құжаттарында қала берді.
Ал, кезекті шабуылға қатысты әлі де нақты дәлелді айыптар жасалмады. Алайда, америкалық БАҚ-та кейбір сарапшылар шабуылдың артында шетелдік күштер тұрған болуы мүмкін дегенді айтады.