Нобель сыйлығының лауреаттары мен белгілі ғалымдар Ұлыбританияның ЕО-дан шығуы шартты түрде ғалымдардың зерттеулері үшін кедергілер тудыруы мүмкін деп қауіптенеді. Олар осы мақсатта билікке хат жолдаған. Бұл туралы BBC хабарлады.
Британия премьер-министрі Тереза Мэй мен Еурокомиссия төрағасы Жан-Клод Юнкерге жолданған хатқа Нобель сыйлығының 29 лауреаты мен «Филдс» сыйлығының төрт иесі қол қойған. Хатта ғылымды дамыту үшін адамдардың еш кедергісіз еңбек етіп, идеялардың жүзеге асуы үшін жағдай жасау қажеттігі айтылады.
Британ биохимигі, медицина мен физиология саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты және Ұлыбритания онкологиялық зерттеулер қорының басшысы Пол Нерс: «Ғылым – көптеген жаһандық мәселелерді шешуге, олардың қатарында бірқатар ауруларды емдеуге, «таза энергия» өндірісіне және халықты азық-түлік қорымен қамтамасыз етеді. Бірақ, осы мәселелерді шешуге үлес қосу үшін тиісті жағдайлар қажет. Әсіресе, дарынды зерттеушілер еш кедергісіз жұмыс істей алуы тиіс», – деді. Сондай-ақ, хатта Британия мен Еуроодақ билігі «Brexit» шешімінен соң ғылымға ешқандай зардап келтірмейтініне кепілдік беруі міндетті делінген.
Ғалымдарды не алаңдатады?
Британия Еуроодақтың құрамында болған уақытта британдық ғалымдар ғылымға бөлінген қаражат есебінде еуропалық гранттарды иеленген. Енді Британиядағы ғылым салаларын жылдық қаржыландыру шамамен миллиард фунт (1,3 млрд доллар) көлемінде қысқаруы мүмкін. Осы орайда Еуропа бойынша ең ірі биомедициналық зерттеу орталығы саналатын Лондондағы Фрэнсис Крик институтының қызметкерлері арасында «Brexit»-ке қатысты сауалнама жүргізілген. Институттағы қызметкерлердің 40%-ы ЕО елдерінің азаматтары болғандықтан, зерттеушілердің басым бөлігі қаржылық қолдау тауып, Британияда қалады деген. Ал қалған 51%-ының ойынша, ғалымдар Мэйдің шешімінен кейін елде жұмыс істеуді жалғастырмайды.
Ал Британия Үкіметінің өкілі: «Біз еуропалық әріптестерімізбен ғылым мен инновацияда жақсы байланыста боламыз. Елге әлемдік деңгейдегі ғалымдар мен зерттеушілерді шақырып, бұрынғыдай ғылым жолындағы белестерді бағындыратын боламыз», – деді.