AIBA президенті болуға үміткер атанған қазақстандық өкіл Серік
Қонақбаевтың апелляциясын Лозаннадағы Спорттық арбитражды соты қабыл
алды. Қазақстандық өкіл өзін Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының
президенттігіне үміткер ретінде тіркемей қойғаны үшін арызданған еді.

Өзін үміткер ретінде тіркемей қойғаны үшін Серік Қонақбаев қалайда
сайлауға қатысуға шешім алғысы келеді. Еске салайық, аталған сайлау 2-3
қараша күндері Мәскеу қаласында өтпек.

Ресей бокс федерациясының бас хатшысы Умар Кремлевтің айтуынша,
Қонақбаевтың президент атануға еш мүмкіндігі жоқ.

«Қонақбаевтың сайлауға қатысуына ешкім тыйым салған жоқ. Тек ол өзі
тиісті 20 дауысты жинап үлгере алмай қалды. Таза заңдық тұрғыдан
қарайтын болсақ оның ешқандай мүмкіндігі жоқ. Тіпті сайлауға қатысқан
күннің өзінде президент бола алмайды. Себебі, Ғафур Рахимов көптеген
ұлттық федерациялардың қолдауына ие» депті ол.

Еске сала кетсек, өзбекстандық Ғафур Рахимов қазіргі таңда AIBA
президенті болуға жалғыз кандидат. Ол қазір ұйым басшысының міндетін
уақытша атқаруда. Бір қызығы, бұған дейін Халықаралық олимпиада
комитеті Рахимовты сайлауға түспеуге шақырған. Егер өзбекстандық өкіл
президент атанатын болса онда ХОК боксты олимпиада ойындарының
бағдарламасынан алып тастауы мүмкін. АҚШ қаржы министрлігінің
шетелдік активтерді бақылау департаменті Рахимовты санкциялық тізімге
қосуы да ХОК шешіміне әсер етсе керек. Сондай-ақ АҚШ қаржы министрлігі
оның (Рахимовтың) доллар арқылы кез келген қаржылық операцияны жүзеге
асыруына тыйым салған.

AIBA-ның бұрынғы басшысы Чинг Куо Ву 2017 жылы қараша айының
басында AIBA атқарушы комитетінің шешімімен қызметтен шеттетілген.

"The Qazaq Times"