Тайуан (Тайвань) бүгін «Қытай Республикасы күнін» атап өтті. Әр жылы 10 қазан күні Тайуанда Мингоның (Қытай Республикасы) құрылған күні ретінде атап өту дәстүрге айналған. Бұл туралы Тайуан телеарналары хабарлады.
Мингоның (Қытай Республикасының) құрылғанына 107 жыл толуына арналған мерекелік шара президент сарайының алдындағы үлкен алаңда өткізіліп. Салтанатты шарада әскери оркестрлердің сүйемелдеуінде, Тайуандағы жергілікті гаушан ұлтының ұлттық биі биленді.
Тайуан президенті Сай Иңвын құттықтау сөзінде қазіргі Тайуан-Қытай-АҚШ қатынастары туралы да тоқталып өтті. Ол АҚШ вице-президенті Майк Пенстің сөзіне сілтеме жасай отырып, Бейжің билігінің Тайуан мен өңірдің қауіпсіздігіне қауіп төндіргенін, алайда, Тайуан өңірдің бейбітшілігі мен тұрақтылығына, демократиялық дамуына дербес ел ретінде өз үлесін қосып келе жатқанын атап өтті.
Президент Сай Иыңвын сөзінде: «Тайуан(Тайвань) әр түрлі сынақтар мен қауіп алдында орнықты қалпынан жазбай, қысымдарды бір жақты етіп, территориямыздың тұтастығы мен қауіпсіздігін сақтауымыз керек», – деді.
АҚШ Тайуанмен 1913 жылдан 1979 жылға дейін ресми дипломатиялық қатынаста болған. Ал, 1979 жылы 1 қаңтарда Бейжің мен Уашингтонның ресми дипломатиялық байланыс орнатуынан кейін Құрама Штат пен Тайуан арасындағы дипломатиялық қатынас үзілді. Бірақ, ресми дипломатиядан тыс АҚШ үкіметі Тайуанмен болған қарым-қатынасын сақтауға тырысып келді. Айталық, «АҚШ-тың Тайуандағы іс басқару орталығын» (American Institute in Taiwan) құрған.
Тайуан мәселесі АҚШ пен Қытай арасындағы ең сезімтал мәселелердің бірі. Қытайдың Шығыс Оңтүстік Азиядағы ықпалының кеңеюіне қарсы Құрама Штаттар Тайуанды астыртын қолдауды да жалғастырып келеді. Қазір Оңтүстік Қытай теңізі мәселесіндегі АҚШ-Қытай арасындағы шиеленіс өршіген сайын, Тайуан тақырыбы екі елдің ресми тұлғаларының сөзінде жиі қайталана бастады.