Өзбекстанның тұңғыш президенті, марқұм Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара жеке рейспен Дубайға ұшып барған деп хабарлайды «Озодлик» радиосы.
1 қазанда Каримованың қызы Иманның атынан ашылған инстаграм-аккаунтта «Гүлнара Каримова Ташкентте өзінің үйінде» деген ақпарат жарияланды.
3 қазанда Каримованың бірнеше жеке күзетшілерімен бірге Араб Әмірлігіне ұшып барып, күндізгі сағат 14.00 шамасында Дубайдағы ең қымбат қонақ үйге орналасқаны белгілі болды. "Озодлик" радиосына бұл ақпаратты жеке рейсті күтіп алып, қонақ үйге орналастырған адамдар растады. Кейін аты-жөнін құпия ұстауын өтінген қонақ үй қызметкері марқұм президенттің үлкен қызы шын мәнінде тіркелгенін хабарлады.
Журналистер Каримова тоқтады деген бөлмеге телефон соққан. "Гүлнара, бұл сіз бе?" деген сұраққа, телефон тұтқасын көтерген әйел "Ия, бұл кім?" деп жауап берген. Бірақ кімнің қоңырау шалғанын білген әйел телефон тұтқасын тастай салған.
Дубайдағы VIP-қонақтарға қызмет көрсететін қонақ үй жетекшісі (редакция оның аты-жөнін жарияламайды) бес бірдей люкс бөлмені брондаған шын мәнінде Гүлнара Каримованың өзі екенін айтты. Бірақ ол VIP-қонақтың қай елдің азаматы екенін, жасын, сыртқы келбетін сипаттап беруден бас тартты.
– Біздің VIP-қонақтар Өзбекстан азаматтары емес. Олардың азаматтығы басқа. Сосын ол Ислам Каримовтың қызынан әлдеқайда кіші, – деді ол.
Осының алдында Өзбекстанның бас прокуратурасы Гүлнара Каримованың түрмеден шыққаны жөніндегі ақпаратты теріске шығарған.
Гүлнара Кәрімованың үстінен қылмыстық іс 2015 жылы қозғалған. Дәл осы жылы Ташкент қалалық соты оны «аса ірі көлемде қаржы жымқыру», «бопсалау», «салықтан жалтару» айыптары бойынша кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырған.
2017 жылдың шілде айында Өзбекстан Бас прокуратурасы Гүлнара Кәрімованың үстінен тағы бірнеше қылмыс бойынша іс қозғалғандығын мәлімдеді. Жаңадан тағылған айып бойынша, экс-президент қызы Өзбекстанға 2 млрд доллар көлемінде зиян келтірген. Өзбекстан ресми органдарының бұл мәлімдемесінен кейін Гүлнара Кәрімованың әлемнің 12 еліндегі банк шоттары мен жылжымайтын мүліктері бұғатталған.