Британия басылымдары Brexit шешімі мен Еуроодақтан шығу мәселесін қызу талқылап жатыр. Daily Telegraph-та «Мағынасы жоқ кезекті референдумның арты саяси шайқасқа айналады», – деген сараптама жариялады. Сыртқы істер министрі және консервативтік партияның бұрынғы басшысы Уильям Хейгттің бұл мақаласында Brexit-тің саяси маңызы мен келешегіне талдау жасалған.
Соңғы күндері ЕО-дан шығу туралы референдумды қайта қарау консервативтік партиялардың назарын өзіне аударды. Арты үлкен дауға айналған саяси-экономикалық мәселенің түйіні Біріккен Корольдіктің болашағына айқын бағдар жасайтыны мәлім. Мақала авторы пікір қайшылығына әкелген Brexit шешіміне қатысты негізгі 5 сауалға жауап іздейді.
1. Референдумды ұйымдастыру мен өткізуге қанша уақыт кетеді?
Егер оны өткізу жайлы шешім қаңтар айында қабылданса, науқан ақпан айында жүргізіледі. Бірақ, Британияда референдум өткізу туралы арнайы конституциялық ереже жоқ. Кез келген мемлекеттік маңызы бар іс парламенттің арнайы актісін талап етеді. Бұл мәселеде парламенттің жалпыға ортақ келісіміне сенім білдіру мүмкін емес. Референдум өткізу бойынша пікірталастар мен дауыс беру, оның ережелері мен қабылданған шешімдерді жүзеге асыру түбінде жойқын дау туындатады. Сондай-ақ егер референдум бекітілсе, міндетті түрде қоғамдық пікірталас орнайды. Әділ түрде Brexit «дауын» шешу керек.
2019 жылдың мамыр айында ЕО-да Еуропалық парламент пен Британия сайлауы өтетінін ескерсек, Brexit оңтайлы шешімін таппаса, билік басындағыларға қауіп төнеді. Тіпті, Ұлыбританияның «Тәуелсіздік» партиясы кезекті науқанын жүргізуге мәжбүр болады. Бизнес саласында қиындықтар туындайды. Ал үкімет ЕО-ға мүше 27 елдермен байланысты қайта қарау үшін 50-баптың екі жылдық қолданылу мерзімін ұзартуына тура келеді. Демек, Британия ұстанымдары одан сайын әлсірейді.
2. Референдум қалай жүзеге асуы қажет?
Бұл ретте 2016 жылы дауыс беруде қойылған мәселенің қайталануын талап етеміз. Мұндай болмаған жағдайда, екі таңдау бар: ЕО мүшелігін сақтау және Brexit-ті шартсыздандырып, Тереза Мэйдің «Чеккерс» жоспарымен алмастыру.
3. Референдум күрделі экономикалық конфликтілерді шеше ала ма?
Автордың жазуынша, кезекті кездесу ешқандай мәселені шеше алмайды. Керісінше, валюта бағамын құлдыратып, сауда-экономикалық дағдарысқа әкеп соғады. Сол себепті «жаңбыр жаумай жатып су болудың қажеті жоқ».
4. Британияны не күтіп тұр?
Хейг бұл сауал тұрғысында биліктегі шенділерді қайта сайлап, реформаларды ретке келтірсе, Ұлыбританияның болашағына нық сеніммен қарай аламыз дейді. Оның ойынша, тағы да референдум өткізу – ең қатал, ең жағымсыз және агрессивті шешім. ЕО-дан шығуға Шотландия, Солтүстік Ирландия және Лондон дауыс берсе де, одақтың құлдырауы мүмкін. Демек, бұл Корбин үкіметін билікке келтірудің жылдам әрі дұрыс жолы болады.
5. Мэйдің кезекті референдумы Брюссельмен келісімге қол жеткізе ме?
Уильям Хейгтің жазуынша, бұл сауалдың дұрыс жауабы табылмайды. «Егер Брюссельде Британия қайтадан референдум өткіземіз деп шешсе, онда қолайлы келісімге қол жеткізу мүмкін емес».
Аталған мақаланы автор: «Бұл іске кем дегенде бір жыл кетеді. Осыған дейін орын алған келіспеушіліктер шешімін таппаса, Джереми Корбиннің билігі үстемдік құруы мүмкін»,– деген болжаммен аяқтайды.
P.S: Соңғы жылдары Еуропалық Одақ сауда-экономикалық жағынан қиындықтарға тап болды. Егер Ұлыбритания Brexit шешімінде саяси кикілжіңдерге баса мән берер болса, мемлекеттік компанияларды бюррократиялық «регресстен» құтқарып, қаржылық дағдарыстан құтыла алады. Алдағы уақытта Мэй үкіметі жаңа экономикалық жоспар құрып, маңызды келісімдер жүргізу арқылы эволюциялық прогресске қол жеткізбек. Бірақ саяси істе тұрақсыздық танытып келе жақтан Біріккен Корольдік кей жобаларды одақ құрамынан тыс мемлекеттермен жүргізу барысында кедергілерге тап болуы мүмкін.
Бұл – гипотеза. Әлем тарихында «темір әйел» атанған Тереза Мэй мен оның қарсыластары арасындағы Brexit дауының шешімі уақыт еншісінде.