30 қыркүйекте Македонияда ел атауын өзгертуге байланысты өткен референдум ойдағыдай өтпеді. Сайлаушылардың 90 %-ы ел атауының өзгертілуін қолдап дауыс бергенмен, Македония «Солтүстік Македония» болып өзгертілмей қалды. Бұл туралы Македонияның сайлау комиссиясының басшысы Оливер Деркоски мәлімдеді, - деп хабарлайды yeniakit.com.tr.
Референдумда сайлаушылар «Македония Республикасы мен Грекия Республикасының арасындағы келісімшартты қабылдай отырып, ЕО мен НАТО-ға мүше болуды қолдайсыз ба?» деген сұраққа жауап берген. Негізі, осы келісімшарт бойынша Македония «Солтүстік Македония Республикасы» деп аталуы тиіс болатын. Алайда, сайлаушылардың 90 %-ы ел атауының өзгертілуін қолдап дауыс бергенмен, Македония «Солтүстік Македония» болып өзгертілмей қалды. Македония Республикасының сайлау комиссиясының басшысы Оливер Деркоскидің айтуынша, референдум үшін қажет сайлаушылардың тек 50 % -ы қатысқан. «Бұл референдумда шешімнің қабылданбайтыны оған қатысушылардың санынан-ақ белгілі болды», - деген Деркоски.
ЕО мен НАТО да Македонияның еуроинтеграциясы мен атауының өзгертілуі туралы референдумның қорытындысын қолдап отыр. Еуроодақтың көршілік саясат жөніндегі комиссары Йоханнес Хан Македонияда аяқталған референдум қорытындысын «Грекиямен жасалған келісімшартты қолдау» деп атады. Ол өзінің твиттер желісіндегі парақшасында саяси лидерлердің барлығын бұл шешімге құрметпен қарауға шақырды. Референдум қорытындысын НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг те қолдап шықты. Ол бұны Македонияның НАТО құрамына кіруіне бірден-бір мүмкіндік деп атады.
Үстіміздегі жылдың маусым айында Македония мен Грекия Македонияның атауын Солтүстік Македония деп атауды қарастыратын тарихи келісімшартқа қол қойған еді. Бұның өтеуі ретінде Грекия Македонияның НАТО мен Еуропа Одағына мүше болуы туралы келіссөздерді бұғаттан шығарды. Негізі, Македонияның атауына қатысты дау 1990 жылдардан бері жалғасып келеді.