Иран "Израиль өзінің ядролық қару-жарақ бағдарламасын шығаратынын халықаралық инспектор алдында мойындауы керек", - деп мәлімдеме жасаған. Бұл туралы france24.com/fr хабарлайды.
Иран СІМ-нің бұндай мәлімдеме жасауына Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудің Иран астанасында жасырын«атом қоймасының» табылғаны туралы айтқаны себеп болған сияқты. 27 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 73-сессиясында Нетаньяху Иранның Теһранда орналасқан ядролық қойманы жасырып отырғанына қатысты хабарлаған болатын. Нетаньяху өзі айтқан «құпия атом қоймасының» орналасқан орны көрсетілген карта мен суреттерді де ұсынды. Сонымен қатар, ол Израильдің осы ақпараттарды Атом энериясы жөніндегі халықаралық агент (МАГАТЭ) пен өзге елдердің арнайы қызметтеріне беретінін айтып, МАГАТЭ инспекторларын аталған аймақта зерттеу жүргізуге шақырған болатын. Оның баяндамасында Иран жағының жалпы салмағы 300 тоннаға жететін кем дегенде 15 жүк контейнерін сақтап отырғаны айтылған.
Ал, Иран СІМ басшысы Зариф: «Израиль — біздің аймақтағы «нағыз ядролық арсеналымен» қоса, «құпия» және «жарияланбаған» ядролық бағдарламаға ие бірден бір режим. Израильге өзінің ядролық заңсыз бағдарламасын халықаралық инспектор алдында мойындайтын кезі келді», - деп хабарлады.
Айта кету керек, Израильдің Иранның астыртын ядролық қоймасы туралы мәлімдеме жасағаны бір бұл емес. Бұған дейін де Нетаньяху Израильдің қолында Иранның "бетпердесін" ашып беру үшін жеткілікті 100 мың құпия құжат бар екенін, Теһранның ядролық бағдарламасына қатысты шындықты жасыратынын хабарлаған еді. Енді, 27 қыркүйекте өткен БҰҰ Бас Ассамблесының 73-сессиясында Нетаньяху Иранның Иранның астыртын қоймасы бар екенін айта келіп, ядролық бағдарламасы деп те аталатын "Ортақ қадам" жан-жақты келісімшартына мүше елдерді осы одақтан бас тартуға шақырды. Алайда, Иранның ядролық бағдарламасына қатысушы елдер Нетаньяхудың мәлімдемесіне бірден жауап берді. Олар Иранның аталған келісімшарттың қағидаларын қатаң сақтап отырғанын мәлімдеді. МАГАТЭ-нің де дәл осындай тұжырымдама жасағанынан Израильдің Иранға қатысты қанша дәлелі болғанына қарамастан, сөзі өтпегенін аңғаруға болатындай.