Еуроодақ Сүрияны қалпына келтіруге атсалысуға дайын екенін мәлімдеді. Алайда, оның маңызды бір шарт қатаң сақталған жағдайда ғана мүмкін екенін хабарлады, - деп жазады fr.euronews.com еуропалық дипломатияның басшысы Федерика Моеринидің мәлімдемесіне сілтеме жасап.
«ЕО Сүрияның қалпына келтірілуіне қаржы салуға дайын. Себебі, біз үшін САР (Сүрия Араб Республикасы) мен шет елдердегі сүриялық халықтың жағдайы аса маңызды. Алайда, біздің САР-сын қалпына келтіруге атсалысуымыз үшін ондағы саяси үдеріс реттелуі тиіс», - деді Ф.Могерини.
Ол сонымен қатар, Түркия мен Ресей арасында қол қойылған келісімшартқа сәйкес Идлибтегі жағдай тұрақталатын болса, сол шарттардың мүмкін екенін де қоса айтқан. Ондай жағдайда «конституциялық комитет қалпына келтіру жұмыстарына халықаралық қауымдастықты тартып, саяси процесті іске қосуға бағытталған жұмысты бастайды», - деді, Могерини.
Бұдан бұрын Сүрия Араб Республикасының президенті Башар Асад көп жылдық соғыстан зардап шеккен Сүрияны қалпына келтіруге батыс елдері араласпайды деп мәлімдеген еді. Оның сөзінше, бұны біржақты етуге сүриялықтардың өз күші жетеді. Ал, БҰҰ мәліметі бойынша, осындай қайта қалпына келтіру жұмыстарына кем дегенде 50 жыл кетеді. Тағы бір айта кететін жайт, Сүрияны қалпына келтіруге Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Рухани де уәде берген. Сонымен қатар, Бейжің де террористер тарапынан қираған мәдени мұра нысандарын қалпына келтіруге дайын екенін білдірген еді.