Ресейлік иммунобиологиялық дәрілер өндіретін «Микроген» өндіріс орнының қызметкері Александр Петров Ресей Барлау Ұйымының бұрынғы қызметкері Сергей Скрипаль мен қызының улануына өзінің қатысы бар деген айыптауға жауап берді. Бұл туралы жауабын ол Ресейдің «Russia Today» телеарнасына берді деп хабарлайды телеарнаның Telegram каналы.

«Мен бұл туралы ештеңе білмеймін және Скрипальдардың бастарынан өткен нәрсеге қатысым жоқ. Тіпті, мен Лондон түгілі, Алтайға да бара алмаймын», - деген ол «Микрогеннің» Томскдегі филиалы «Вирион» ғылыми-өндірістік бірлігіндегі бөлімшесінің бастығы болып істейтінін де жасырмаған.

Ұлыбритания билігі 5-қыркүйекте Лондонға жүйке-сал ауруын тудырушы заттекті әкелген болуы мүмкін ресейлік азаматтар — Руслан Боширов пен Александр Петровтың есімін хабарлаған еді. Оларға Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипальдың улануына қатыстары бар деген айып таққан болатын. Түрлі ақпарат көздерінің мәліметінше, күдікті екеудің төлқұжат нөмірлерінің тек соңғы сандарында ғана айырмашылық бар. Ұлыбританияның осы мәлімдемесінен кейін-ақ Боширов пен Петровты қамауға алу үшін еуропалық ордер берілген. Сонымен қатар, олардың Гатвик әуежайындағы суреттері мен Лондондағы бейнекамераға түсіп  қалған сұлбалары жарияланған еді.

Бұдан бұрын Лондон билігі БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесін осы оқиғаға қатысты шұғыл жиын өткізуге шақырған еді. Онда, Ұлыбритания аталған оқиғаға Ресейдің қатысы барлығына сенімді екендерін жасырмай, қылмысты жасаушы тараптың тез арада құрықталуын талап етті. Алайда, Ресми өзіне тағылған бұл айыптауды үзілді-кесілді жоққа шығаруда.

Бәрімізге белгілі, үстіміздегі жылдың наурыз айында Ресей Барлау Ұйымының бұрынғы қызметкері Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипаль Ұлыбританияның Солсбери қаласында ес-түссіз табылған еді. Лондон олардың жүйке-сал ауруын тудырушы қатерлі заттекпен уланды деп есептейді.

“The Qazaq Times”