«The New York Times» газетінде Ақ үй қызметкерінің АҚШ президенті Дональд Трампқа қарсы мақаласы жарық көрді.

Кіріспе

Мақала аннотациясында редакциядан: «NYT анонимді мақала шығарып бірінші рет жаңсақ қадамға баруы мүмкін. Алайда, осы әрекет арқылы біз автордың өмірі мен қызметіне нұқсан келтірмеуді жөн санадық. Президент жайлы бар шындықты ашып жазған қызметкердің ой-пікірімен санасасыздар деген ойдамыз» – делінген.

Бұл мақала белгілі журналист Боб Вудвордтың «Қорқыныш: Ақ үйдегі Трамп» атты кітабынан соң жарияланған. Негізгі көзқарасы ұқсас екі туынды күллі Америка жұртын таңқалдыруда.

Автордың Трамп туралы «толғауы»

Анонимді автор өз сөзінде Трамптың ел билігіне келген кезі мен бүгінгі уақытқа дейінгі іс-әрекетін салыстырып жазған. Төменде аталған мақаладан үзінді келтіре кетейік.

«Трамптың мемлекетке аморальді-импульсивті көзқараспен қарауы шошытады. Президент деген аты болмаса, Трамп ел тарихынан, саясаттан хабарсыз адам. Тек қана біліктілік емес, этикадан да жұрдай. Көпшілік алдында, маңызды келіссөздерде өз-өзін ұстай алмайды, арзан әрекеттерге барады. Бірсөзді емес. Еркін пікір алмасуды ұнатпайды. Баспасөз еркіндігіне антипікір қалыптастырған адам. Сөз – оның басты қаруы. Ол газет-журнал оқымайды, саяси телебағдарламалар көрмейді. Құдды сайқымазақ па дерсің.

Америка сөз байласу теориясына немесе таяз қызметке мұқтаж емес. Америка – тұрақты мемлекет. Трамп екіжақты байланыс ұстанамын деп, кері кетті. Ол Владимир Путин мен Ким Чен Ын сияқты автократ, диктаторлардың пікіріне жүгінеді. Ешқандай халық, ешбір шенеунік конституциялық кризис пен дағдарысты бастан өткергісі келмейді. Сол себепті кеш болмай тұрғанда бұл істі қолға алып, билікте резонанс туғызу қажет. Әйтпесе, Американы құтқару оңай болмайды...»

Трамптан жауап немесе Ақ үй не дейді?

NYT жариялаған мақала отқа май құйғандай болды. Қазір Ақ үй администрациясы авторды іздеп әлек. Олар белгісіз шенеунік Боб Вудвордтың «Қорқыныш: Ақ үйдегі Трамп» атты кітабының жарық көруіне атсалысқан адамдардың қатарында деп есептейді.

Мақала шыққан соң, Трамп твиттерде «Сатқындық?» деген жазба қалдырды. Ақ үй басшысы белгісіз автордың өмірде бар-жоғына күмәнмен қарайды. Оның ойынша, «The New York Times» редакциясы ел ішінде дау туғызу үшін осындай қадамға барған. Өз сөзінде Трамп: «Автор болған күннің өзінде, газет басшылығы оның кім екенін айтуы тиіс. Мен батпақты құрғатамын, қастандықты жоямын. Бірақ ол қалай болса да қарсы тұруға тырысады. Алаңдамаңыздар, біз жеңеміз!» – деп мәлімдеді.

Сондай-ақ Дональд Трамп белгісіз авторды «қорқақ», ал «The New York Times» газетін «жалған ақпарат таратумен айналысатын басылым» деп айыптады.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерс бұл туралы былай дейді: «Мақаланы жазып отырған адам жалғандық жолын таңдап, өз-өзіне ор қазды. Егер оның пиғылы дұрыс болса, халық сайлаған президентке қолдау көрсетер еді. Ол осы ісі арқылы халықты қалай адастырғанын білмейтін сияқты».

Трамп пен Сандерс бұл мақаланы «ұялмай» жариялаған басылымның болашағы жарқын болмайтынын» айтты.

Бір үміт, бір күдік

Америка ғана емес, жаһан көз тіккен мақала қазіргі уақытта қызу талқыланып жатыр. Осы оқиғамен үндес 1972 жылы Ричард Никсонға импичмент жариялатқан «Уотергейт оқиғасы» жайлы сараптамалық мақала мен 1992 жылы Билл Клинтон туралы «Негізгі түстер» кітабы шыққан болатын. Содан бері халыққа бір үміт, бір күдік сыйлаған оқиға Трамп туралы антимақаланың жарық көруі болып отыр.

Құрама Штаттардың конгрессмені Дон Бейер твиттердегі жазбасында: «Халық өзі қалаған президент сенімді ақтамаса, түбегейлі қарсылық білдіруі тиіс. Бірақ, бұдан нақты нәтиже шықпайды. Америкадағы басты кризистік жағдай да осы...» – деген.

Жан-жақтан тараған екіжақты пікірлер Ақ үй үшін ауыр тиюі мүмкін. Шындықты шырқырата жазса да, белгісіз автордың бұл ісін батырлық деуге де келмес. Досқа күлкі еткен бұл мақала қанша уақыттан бері полисаясат ұстанып, әр сөзінде «Америка – ұлы держава. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейді!» – дейтін Дональд Трамп үшін тосқауыл болмасы айқын.

"The Qazaq Times"