Германия канцлері Ангела Меркель Ресей президенті Владимир Путинді қабылдады деп хабарлайды BBC ақпарат агенттігі. Үш сағатқа созылған кездесу барысында екі ел басшысы Иран, Сүрия, Украинаның шығысындағы жағдайды және «Солтүстік ағыс – 2» жобасын талқылаған.
Кездесуге дейін А.Меркель ақпарат құралдарына берген сұхбатында Украина, Сүрия мәселесінен бөлек, екі ел арасындағы қарым-қатынас пен Минск келісімшартына тоқталатынын айтқан.
Ең алғаш Путин Меркельмен 2014 жылы Германияда кездескен. Осы жолы Меркельдің қабылдауында болған Путин Берлиндегі Мезиберг резиденциясында «Солтүстік ағыс – 2» жобасына басымдық берді.
Балтық арқылы Германияға Ресей газын тасымалдауды реттейтін «Солтүстік ағыс – 2» жобасының мәні экономикалық тұрғыда айрықша. Сол себепті Меркель аталған жобаның ары қарай жанданатынына кепілдік берді.
АҚШ пен Украина «Солтүстік ағыс – 2» жобасын қолдамайды, саяси астар іздейді. Олардың ойынша, алдағы уақытта Германия Ресейдің энергетикалық қуат көздеріне тікелей тәуелді мемлекетке айналуы мүмкін. Ал Украина газ тасымалында іштей кедергіге ұшырап, ішкі нарық әлсірейді деп санайды. Алайда, Германия канцлері Ангела Меркель аталған жоба арқылы саяси көзқарас емес, жүйелі экономикалық қарым-қатынасты дамытатынын айтты.
Сондай-ақ, олар Сүриядағы үздіксіз қақтығыстарды тоқтатуға бағытталған іс-әрекеттерін үзбеуге келіскен.