Бангладеште екі мектеп оқушысының өлімінен кейін басталған үкіметке наразылық шарасы бір аптаға созылды. Мектеп оқушылары мен студенттер ұйымдастырған акцияны қолдаушылар тез арада көбейіп, наразы топ тіпті полициямен де қақтығысуға дейін барған. Бұл туралы әлемнің ықпалды ақпарат агенттіктері хабар таратты.

29 шілде күні Дакка қаласында екі оқушы жоғары жылдамдықта жүйткіп келе жатқан жолаушылар автобусы соғып мерт болған болатын.  Тергеу кезінде автобус жүргізушісі өзге автобустармен жолға таласып келе жатқанын айтқан. Наразы жұртшылық үкіметтен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етуде. Былтыр Бангладеште 4 мыңнан астам адам жол апатынан қаза болған.

Он мыңдаған оқушылар мен студенттер топтасып көшеге шығып, Даккадағы барлық жолдарды жауып тастауға дейін барды. Олар жүк көліктерін, қоғамдық көліктерді де тоқтатып, олардың құжаттарын да тексерген. Бұл туралы BBC тілшілеріне жауап берген 17 жастағы наразылық шарасының белсендісі: «Біз бұнымен тек жемқорлықты тоқтатқымыз келеді. Жүргізу куәлігін сатып алушыларды болдырмауға тырысамыз», – деген.

Бангладеш елінде демонстрация көп тіркелген емес. Бірақ, бұл жолы он мыңдаған шерушілер көшелерді жауып, 18 млн халқы бар Дакканың барлық қоғамдық көліктерін жүргізбей тастады. Полиция тарабы жасауратқыш газ арқылы оқушылар мен студенттерді таратып жіберуге тырысты. Бұл полиция мен наразы топ арасындағы қақтығысқа алып келген.

“The Qazaq Times”