Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху егер Иран Қызыл теңізден Үнді мұхитына шығатын Баб-әл-Мандеб бұғазын жауып тастайтын болса, Иранға қарсы соғыс ашуға дайын екенін ескертті. "Егер Иран Баб-әл-Мандеб бұғазын жауып тастайтын болса, бұның алдын алу үшін жасақталған халықаралық одақ қарсылығына ұшырайтынын білсін. Ал, бұл одақ израильдік қарулы күштердің барлық түрінен құралған ", - деген Б.Нетаньяхудың сөзін де жазған "20minutes.fr" агенттігі.
Еске салайық, Баб-әл-Мандеб бұғазы арқылы жеткізілетін мұнай тасымалы бұдан бұрын да Йемендегі соғысқа бола Сауд-Арабиясы тоқтатқан еді. Бұдан бұрын, Қызыл теңіз бен оның бұғаздарына тікелей шығатын мүмкіндігі жоқ Иранның қолдауына ие йемендік көтерілісші-хүситтер бұғаз арқылы өтіп бара жатқан саудиялық екі танкерге шабуыл жасаған еді. Шабуыл салдарынан кемелердің бірі зақымданған болатын. Дереу осы оқиғадан кейін Сауд-Арабия билігі бұғаз арқылы жеткізілетін мұнай тасымалын тоқтататынын мәлімдеген еді. Енді, өз мұнайын экспорттауда кедергіге ұшыраса Иран Парсы шығанағы мен Аравия теңізін біріктіретін Ормуз бұғазын жауып тастайтынын ескертуде.