Петропавл қаласында қазақ композиторы Сегіз сері Бахрамұлының 200 жылдығына орай, «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен дүниежүзі қазақ жастары арасында шағын футболдан дәстүрлі ER JANIBEK CUP – 2018 турнирі өтті.

Жыл сайын жалауы желбірейтін теңбіл доп жарысына биыл Франция, Түркия, Австрия, Дания, Ресей, Моңғолия, Өзбек­стан, Иран, Қырғызстан елдерінде тұратын қазақ жастарынан құралған қомандалар, Астана, Алматы қалаларынан және еліміздің 4 облысынан жалпы саны 25 команда қатысты. Қызылжар өлкесіндегі шараның ашылу салтанатында халық компози­торларының күйі күмбірлеп, әні әуеледі. Жасыл алаңда спортшылар мен жарысқа жиналған барша жұртшылық қазақтың біртуар ақыны, композитор Сегіз Серінің әндерін тыңдап, керемет күйге бөленді.

Екі күн бойы «Жастар» стадионында өткен доп додасы тартысты бәсекеге толы болды. Тек әуесқой құрамалардан құралған 300-ге тарта спортшы жасыл алаңда аянып қалмады. 25 команда өзара 6 топқа бөлініп сынға түсті. A тобында «Сауыр – Алматы» (Алматы), «Қорған» (Ресей), «Астана» (Астана), «Динамо» (СҚО), B тобында «Бос­тандық», «Қайрат» (Ресей, Түмен қаласы), «Алаш» (Қырғызстан), «Барыс» (Алматы), C тобында «Байөлке» (Моңғо­лия), «Жасыл ел» (БҚО), «Намыс» (Ресей, Омбы), «Бірлік Керуен» (Алматы), D то­бын­да «Дастан» (Иран), «Тұлпар» (Пет­ропавл), «Әмір» (Ресей, Саратов), «Қызылжар» (Петропавл), E тобында «Сауыр – Астана» (Астана), «Достық» (Қостанай), Parij kazakh sport (Франция), «Қызылсу» (Өзбекстан) командалары өнер көрсетті. Ал F тобында FC Europe (Австрия, Дания), «Ш.Уәлиханов университеті» (Көкшетау), «Қарағанды» (Қарағанды), «СҚМУ – Іле» (Петропавл) және «Түркия – Стамбул» (Түркия) командалары өзара мықтыны анықтады.

Топтық кезеңдегі тартысты ойындар футбол тамашалауға жиналған жанкүйер­лерге ерекше әсер сыйлады. Әсіресе, 25 команданың арасынан суырылып алға шыққан үздік 4 команда арасындағы кездесулер қызыққа толы болды. Жүлдеге талас жолында әр футболшы өз командасын алға жетелеуге тырысып бақты. Нәтиже­сінде, алаң қо­жайындары саналған петро­павлдық «Динамо» алматылық «Бірлік Керуен» құра­ма­сымен кездесіп, 1-3 есебімен жеңіліп қалды, ал көкшетаулықтар Алма­тының «Сауыр» құрамасына 0-1 есебімен есе жіберді.

Финалдық кезеңге алматылық қос ко­манда шықты. Кубокқа бір ақ адым қалға­нын сезінген екі команданың футбол­шылары да ойын басталысымен комбина­циялық ойын өрнегін көрсетіп, шабуылда ширақ, қорғаныста сақ ойнауға тырысты. Сауатты қорғана жүріп, қарсылас қақпасына жауапсыз үш гол соққан «Сауыр» командасы кездесу барысында жеңіске жетіп, 1 мил­лион теңгені қанжығасына байлады. Жарыс басталғалы бері үздік ойынымен ерек­ше­ленген «Бірлік Керуен» командасы жүл­делі 2-орынды еншілеп, 500 мың теңгені ұтып алды. Ал жүлделі 3-орынға ие болған көк­шетаулық «Ш.Уәлиханов» командасы – 300 мың, 4-орынды қанағат тұтқан «Дина­мо» командасы 200 мың теңгенің сертификатына ие болды.

Марапаттау рәсімінде «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының төрағасы Жеңіс Түркия сөз сөйледі.
– «Ер Жәнібек қоры» 2006 жылы құрыл­ған болатын. Оның негізгі мақсаты да, атал­ған жобасы да шетелдегі жастардың Қа­зақ­стандағы жастармен араласуы, бай­ланыста болуы. Осы мақсатта төртінші рет өткізіліп отырған «Ер Жәнібек кубогының» Петро­павл қаласында өтуіне мұрындық болған Солтүстік Қазақстан облысының әкіміне және әкімшілікке алғысымызды білдіремін, – деді ол.
Жарыстың бас төрешісі Қанат Мұхамед­жанов турнирде үздік ойынымен көзге түскен футболшыларды анықтап, оларға арнайы жүлде тапсырды. Петропавлдық «Динамо» командасының ойыншысы Руслан Көпеев – «Үздік шабуылшы», көкшетаулық «Ш.Уәлиханов университеті» командасының қақпашысы Ахмадеев Мұхамадия – «Үздік қақпашы», алматылық «Бірлік Керуен» командасының ойыншысы Еркін Нұржанов – «Үздік қорғаушы», алма­тылық «Сауыр» командасының футбол­шысы Қуаныш Советов «Үздік сұрмерген» жүлдесімен марапатталды. Ал «Астананың 20 жылдығы» жүлдесін Түркияның «Түркия – Стамбул» командасы иеленді. «Ұлттық рух» жүлдесі Австрияның Вена қаласынан келген Europe командасына бұйырды.

Екі күн бойы Қызылжар өңірінде өткен доп додасы аяқталған соң жарысқа келген қатысушылардың пікірін білген бола­тынбыз. Даниядан келген футболшы Алп Сара футбол жарысы жөнінде өз ойымен бөлісті.
– Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім. Маған анам тарихи Отаным туралы жиі айтатын. Биыл міне, анамның туған жеріне келіп, футболдан сайысқа қатысуға мүм­кіндік алдым. Өте қуаныштымын, – деді футболшы.
«Түркия – Стамбул» құрамасының жаттықтырушысы Арғынбек Гүлер де жарыстың жоғары деңгейде өткенін айта келе, шараны ұйымдастырушыларға алғы­сын жеткізді.
– Біз Қазақстан еліне келіп жоғары дең­гейде ұйымдастырылған доп жарысына қатысқанымызға қуаныштымыз. Әлем елдеріндегі қазақтар тарихи отанына келіп, бір-бірімен танысып, үлкен футбол мереке­сіне ортақтасқаны қандай керемет. Бұл үрдіс жыл сайын жалғасын таба берсін. Біз де жа­рыс­қа қуана қатыса берейік, – деді бас бапкер.

Түйін:
Әлем елдерінде тұратын қазақ жастарының басын қосып, олардың арасындағы байланысты нығайтып, атамекенге, Қазақстанға деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында ұйымдастырған ER JANIBEK CUP – 2018 турнирі де өз мәресіне жетті. Солтүстік Қазақстан жерінде өткен доп додасы жоғары деңгейде өткенін көріп, қуаныштан жүзіміз бал-бұл жайнады. Берекесі мен бірлігі жарасқан ғажайып мекенде әлемнің әр қиырынан келіп, игі шараға ортақтасқан қандастарымыз да риза болып тарқасты. Біз де Қызылжар өңірімен қимай қоштастық.

Абылайхан ЖҰМАШ

Петропавл қаласы

Айқын газеті

“The Qazaq Times”