Қытай араб елдеріне жалпы сомасы 20 млрд доллар құрайтын несие беруге ниетті. Сонымен қатар, Сүрия, Иордания және Йемен елдеріне гуманитарлық көмек жібермек. Бұл туралы «fr.euronews.com» агенттігі хабарлайды.

Мұндай мәлімдемені ҚХР басшысы Ши Жиниң (Си Цзиньпин) Бейжіңде өткен қытай-араб ынтымақтастық Форумында Сыртқы істер министрлерінің ашық жиынында мәлімдеген. Оның сөзінше, Бейжің араб елдеріне «тұрғындарының жұмысқа орналасулары үшін үлкен мүмкіндіктер тудыратын және қайтадан құрылуды қажет ететін араб елдеріне әлеуметтік тиімді ықпал ететін жобаларды» жүзеге асыруға қаржы бөледі. Ол сондай-ақ, Қытайдың Орталық Азия, Шығыс Африка және Үнді мұхитын Жерорта теңізімен байланыстыратын порттар мен теміржолдар құрылысымен бірге инфрақұрылымдарды дамытуға атсалысуға дайын екенін де атап өтті. Ал, Сүрия, Иордания және Йемен секілді елдерге гуманитарлық көмек көрсетуге Бейжің 90,5 млн доллар жұмсауға дайын екен. Мәселен, үстіміздегі жылдың ақпан айында Қытайдың Сүриядағы елшісі Ши Цяньцзинь Сүрияның дамуы мен соғыс салдарынан кейін қайта қалыптасуы үшін Шам билігіне ауқымды көмек көрсету жоспары бар екенін де жариялаған еді. Қытайдың осыншама көмек көрсету ниеттерінің астарында қандай мақсат бар болуы мүмкін деген мәселеде пікірлер сан алуан. Соның ішінде, қытайлықтардың бүкіл әлемде өздерінің әскери белсенділіктерін арттыруды көбірек мақсат тұтатындықтары анық. Мәселен, осы қаңтар айындағы ресми деректерден белгілі болғандай, олар Пәкістанда әскери-теңіз базасын құруды көздеген еді.

“The Qazaq Times”