Ұлыбританиялық ақпарат құралдары Солсберидегі улану оқиғасына Ресейді кінәлайды. «Times» басылымы: «Наурыз айында Солсберидегі Сергей Скрипаль мен оның қызының жүйке-сал ауруын тудырушы заттекпен улануының артында путиндік режим тұр. Осыдан төрт ай өткен соң, шетелдік агенттер тарапынан жасалған қастандықтан кейін тағы екі ағылшын азаматы уланып, біреуі қаза тапты. Біз осы қайғылы оқиғаның күмәні ең аз нұсқасын алсақ та, Кремльдің бейбіт уақытта ағылшын жерлерінде химиялық қарулармен шабуыл жасап жатқанын анық көре аламыз», - деп жазған.
«Сол наурыз айындағы химиялық шабуылдан бейбіт тұрғын жапа шекті. Дон Стерджес пен оның жолдасы Чарли Роули Скрипальге қарсы қолданылған улы заттекке тап болды» деген басылым, "Осы оқиғаға қатысты үкіметте болжамдар тым аз әрі санаулы. Демек, Скрипаль оқиғасына жауап ретінде Тереза Мэй жариялаған экономикалық және дипломатиялық санкциялар Ресейдің халықаралық сахнадағы агрессивті қадамдарын өзгертпеді", - деп жазады.
Алайда, жексенбі күні Солсберидегі оқиға орнына келген Ұлыбритания Ішкі істер министрі Саджид Джавид үкіметтің антиресейлік жаңа санкциялар енгізу жоспары жоқ екенін мәлімдеген еді.
Еске салайық, үстіміздегі жылдың наурыз айында Ұлыбританияда Ресейдің Барлау Қызметінің қызметкері Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия Скрипаль улы заттекпен уланып, дәрігерлер олардың өмірлерін әрең құтқарып қалған еді. Енді арадан төрт ай өткеннен кейін, өткен аптада Скрипальдер уланған Солсбери қаласында тағы да ерлі-зайыпты ағылшын азаматтары уланып, оқиға салдарынан Дон Стерджес есімді ағылшын әйелі көз жұмды.