Мексикада президент сайлауы өтуде. Мәліметтерге қарағанда, қазірге дейінгі жиналған дауыс қорытындысы бойынша ел орталығы Мексико (Мехико) қаласының бұрынғы мэрі Андрес Мануэль Лопес Обрадор жеңімпаз болды. Елдегі БАҚ өкілдерінің таратқан хабарында, Обрадордың қарсыластары жеңілістерін мойындаған. Оны қазір Мексиканың жаңа президенті деп атауға болады. Бұл туралы BBC онлайн қызметі хабарлады.
Шын мәнісінде Мексикадағы сайлауда саяси жауласу, үрейлі зорлық-зомбылық оқиғаларымен жалғасуда. Президент сайлауының алғашқы кезеңі былтыр қыркүйекте басталған еді. Содан бері елде 130-ға жуық саясаткер мен белсенділер қаза тапқан.
Обрадор болса, президент болғаннан кейін жемқорлыққа қарсы қатаң күрес жүргізіп, анық қадамдар жасауға уәде беріп отыр. Бұның сыртында, экономикалық дамуды қамтамасыз ету үшін, мемлекеттік шығындарды қысқартып, байлардың табыс салығын өсіріп, есесіне жалақы мен зейнетақыны көтеретінін айтып келеді. Ал оның «командасы» Мексиканы 100 жылдан бері билеуінде ұстаған екі бірдей партияныда жеңіп шығуы мүмкін деп болжануда. Обрадор бір сөзінде бұл екі партияны «Билік мафиясының бір бұтағы» деп атаған еді. Ол соңғы екі реткі президенттік сайлауда екінші орынды алған болатын.
Бұл реткі сайлауды Мексика тарихындағы ең қатал сайлау науқаны деуге болады. Мексиканы тарихи бұрылысқа алып келеді деген де болжамдар бар. Ел халқының белсенділігі де жоғары, олар Мексиканы былыққа батырған үкіметтен құтылу үшін, саяси белсенділікке келуде. Миллиондаған сайлаушылар қазіргі президенті Энрике Пенья Ньето және оның құрған үкіметіне кескін қарсылық білдіруде. «Мүгедек экономика», тұтас жүйені шырмаған жемқорлық, күллі елді жайлаған қылмыс әрекеттері және заң бұзушылықтың бәрі де қазіргі биліктің кесір-кесепаты деп қарайды.
Мексикада дауыс беруге құқығы бар азаматтардың саны 88 млн. Кешегі сайлауда президенттен тыс, Сенатқа 128 адам, Конгресске 500 адам сайланды. Бұларға қоса, жергілікті басқару органдарының жетекшілері, штат губернаторларына дауыс берілді. Ал, президенттікке үміткерлер арасында Андрес Обрадор 48 пайыз дауыспен жеңіп шықты.
Мексика Латын-Америкасындағы екінші экономикаға ие ел. Солай бола тұра, халқының 40 пайызы кедейшілікте өмір сүреді. Сол өңірдегі ірі мұнай экспорттаушы болып саналады. Сондықтанда соңғы жылдардағы мұнай бағасының құлдырауы елде девальвация тудырды. Оның үстіне, билік жүйесін әбден шырмап алған жемқорлық, елдегі қылмыс жасау, зорлықты әрекеттерді өршітіп, кәсіпкерлердің еркін жұмыс жасауы қиындай түскен. Тіпті, бұл өлке журналистер үшін де әлемдегі ең қауіпті ел саналады. Кеше ғана, елдің оңтүстігінде жергілікті теле арнаның журналисін қылмыстық топтың адамдары атып кеткен.
Мексика халқы және сыртқы елдер де кезекті сайлау елге жаңа өзгерістер, ауқымды саяси бетбұрыс алып келеді деп үміттенуде.