Ауғанстан үкіметінің басшысы Эшреф Гани Талибанмен арадағы атысты тоқтату бітімінің мерзімін біржақты ұзартатынын мәлімдеді. Гани бұл мәлімдемесін Ауғанстанның телеарнасы арқылы таратты. Дегенмен, атысты тоқтату бітімінің мерзімін нақты қай уақытқа дейін ұзартатыны туралы ашып айтпады.

Гани бұл шешімнің басты мақсаты елде бейбітшілік орнату екенін, Талибан тарабынан осыған сай жауап күтетінін жеткізді. Сонымен бірге елдегі үкімет жағы өздерінің бейбіт бітімге деген ынтасын әйгілеу үшін қамаудағы 46 Талибан мүшесін босатқан. Егер, Талибан тарабы бітімгерлік қадамдарын жасасап, үкіметтің бастамасына оң жауап қайтарса, қамаудағы барлық Талибан мүшелерін босатпақ.

Талибан тарабы үкімет басшысының мәлімдемесіне жауап қайтармады. Ауғанстан үкіметі былтыр жыл соңында және биылғы жылдың бас шенінде талибанмен бітімге келу, елде бейбітшілік орнату үшін келісімге келуге шақырған. Тіпті, Талибанда Ауғанстандағы ресми саяси топ ретінде мойындауды да алға қойған. Сол негізде, 20 маусымға дейін Талибанға қарсы атысты тоқтату шешімін жариялаған.

Алайда, бұған Талибан тарабы үкімет күштері күткендей жауап бере қоймады. Есесіне, айт қарсаңында жарияланған бітімгерлік мәлімдемесінен кейін, террорлық топтар жанкешті жарылыс жасады. Террорлық шабуылдан 20 адам қаза болып, 16 адам жарақат алды. Талибанның осыдан бұрынғы мәлімдемесінде, ораза айт мерекесіне орай үш күн атысты тоқтату шешімін жариялаған.

Қазір Ауғанстан жағдайы өте күрделі. Сүрия мен Иракта жеңіліс тапқан ДАИШ террорлық ұйымы Ауғанстанға жиналуда. Олар бастапқыда елдегі Талибан күштерімен территорияға таласып қақтығысқан. Кейін, екі топ арасында жасырын келісімдер болды деген болжамдар бар. Талибанның ДАИШ-пен бірігіп үлкен күшке айналуының алдын алу үшін үкімет тарабы Талибанды келісімге шақырған болатын.

“The Qazaq Times”