«Талибан» радикалды қозғалысының жетекшісі Хайбатулла Ахунзада «Ауғанстанды құтқарудың жалғыз жолы шетелдік әскери контигенттерді елден шығару болып табылады», - деп мәлімдеме жасаған. Бұл туралы «ca-news.org» агенттігі хабарлайды.

Хайбатулла Ахунзада Ақ үй билігін Ауғанстандағы көпжылдық текетіреске нүкте қою үшін бейбіт келіссөздерді бастауға шақырған. «Егер америкалық  ресми тұлғалар қақтығыстың бейбіт шешілуін шынымен қаласа, онда олар келіссөздер үстеліне отырып, тікелей диалог бастаулары керек. Америкалық шенеуніктердің ең үлкен қателіктері олар әрбір мәселені шешуде қырсықтық танытады. Алайда, күш қолдану арқылы үнемі ойдағыдай нәтижеге жету мүмкін емес», - деген Ахунзада.

«Ауғанстанды құтқарудың жалғыз жолы АҚШ пен өзге де елдердің НАТО-ның әскери қимылдарына қатысушы әскери контигенттерін шығару болып табылады», деген Талибандардың лидері шетелдік әскерилердің кіргізілуімен Ауғанстанда пайда болған дағдарыс жағдайының тек қана бейбіт келіссөздер арқылы шешілетінін де айтып өтті. Оның сөзінше, осы қақтығыстың қиын салдарынан Америка мен Ауғанстан халқы көбірек зардап шегуде.

Бұған дейін Ауғанстан президенті Ашраф Ганидың Рамазан айы аяқталғанша, 12-19 маусым күндері аралығында Талибандарға қарсы біржақты уақытша бітім жариялағаны туралы жазғанбыз. Осыған сәйкес, Талибандар да үш күндік бітім жасайтындықтарын, алайда  өздеріне қарсы қандай да бір сыртқы шабуыл жасалса, "қарап қалмайтындықтарын" хабарлаған. Артынша, Ауғанстанның Түркіменстанмен шекарасында Талибандар мен ДАИШ арасында қақтығыс орын алып, уақытша бітім мерзімінен бұрын аяқталған болатын. Қақтығыс барысында ауғанстандық 16 әскери қызметкер қаза тауып, тағы бірнеше адам ауыр жараланды. Ауғанстан билігі елдегі жағдайдың бұрынғыдан да шиеленісіп кеткенін хабарлаған еді. Осыған орай "Талибан" қозғалысының басшысы Х.Ахунзада елдегі қақтығыстың аяқталуы АҚШ-тың шешіміне байланысты деп мәлімдеді.

“The Qazaq Times”