Қаскелеңдегі инфекциялық аурухана құлауға шақ тұр. Қабырғалары қақ жарылып, іргесі сөгіліп кеткен. Одан бөлек, дәліз едендері де ортасына опырылып, бүлінген жерлері жамалыпты. Емдеу мекемесінің сұрықсыз күйін облыс тұрғындарының бірі суретке түсіріп, әлеуметтік желіде таратты.
Ауруханаға жеткізілген науқастың айтуынша, орталықта санитарлық талап мүлдем сақталмаған. Осының кесірінен ондағы адамдар ауру үстіне ауру жамап жатқан көрінеді.
Анықталғаны - мұнда 15 палатаға ортақ тек бір ғана жуынатын орын бар екен. Тазалыққа жауапты мамандар науқастар жатқан бөлмелерді мүлдем тазартпайды-мыс. Дәрігерлерге бірнеше рет тіс жарып көрген, алайда медиктердің ешбірі науқастардың шағымына құлақ аспапты.
Бұл мәселеге журналистер араласқан соң, Қаскелең қалалық инфекциялық ауруханасының бас дәрігері Жәнібек Ботбаев науқастың шағымына қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, ауруханаға соңғы рет жөндеу жұмыстары 1998 жылы жүргізілген. Ғимаратты жаңартуға әзірге қаражат бөлінбепті. Сондықтан амалсыз осындай күйде отыр екен.