АҚШ мемлекеттік хатшысы Помпео Қытай астанасы Бейжің қаласында болған «4 маусым оқиғасының» 29 жыл толуына орай арнайы мәлімдеме жасады. Бұл мәлімдеме күрделілене түскен АҚШ-Қытай қайшылығын жаңа деңгейге жеткізуі мүмкін. Бұл туралы Құрама Штаттардың танымал БАҚ-тары хабарлады.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәлімдемесінде: «1989 жылы 4 маусым күні Тян-Анмын (Тяньаньмэнь) алаңында және соның маңында бейбіт шеру күшпен басып жанышталды. Осы оқиғаға 29 жыл уақыт өтті. Біз жазықсыз адамдардың қырғынға ұшыраған осы оқиғаны еске аламыз», – делінген.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Помпео мәлімдеме жасады. Фото: VOA.

1989 жылы Бейжіңдегі демонстрацияға қатысқаны үшін Қытай үкіметінің қуғын-сүргініне ұшыраған Лю Шяубо, 2010 жылы Нобель бейбітшілік сыйлығының салтанатты рәсімінде сөз сөйлеп: «6.4-тің рухы әлі өлген жоқ», – деген болатын.

Помпео мәлімдемесінде: «Біз халықаралық қауымдастықпен және өзге адамдармен бірге Қытай үкіметінен қаза болған адамдарды жария етуге шақырамыз. Алаңға шыққаны үшін сотталғандарды босату, ақтауды сұраймыз. Демонстраттардың және отбасы мүшелерінің қудалануын тоқтатуды талап етеміз», – деді.

Помпео сөзінің соңында: «Америка Құрама Штаты адам құқықтарын қорғау барлық елдердің жауапкершілігі деп қарайды. Біз Қытай үкіметінен азаматтардың жалпыға бірдей құқықтары мен негізгі бостандықтарына құрмет етуді талап етеміз», – деді.

Коммунистік Қытай режимі 1989 жылғы бұл оқиғаны, ол туралы айтылған ішкі-сыртқы айыптардың бәрін шетке қағып келеді. АҚШ департаменті жағынан айтылған бұл ескерту Қытай үкіметінің ең жанды жеріне тигені анық. Бұл екі ел қайшылығын одан арман арттыра түседі және бүгінгі ҚХР жерінде болып жатқан адам құқықтары мәселесінде Бейжің билігін ырықсыз орынға итереді.

“The Qazaq Times”