Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев қоғамдық көліктерде жол жүру ақысы қымбаттайтынын мәлімдеді. Қала басшысы елордада жолақысы 4 жылдан бері өспегенін, сондықтан жол жүру құнын көтеруге мәжбүр екенін айтты.

"Биылғы жылы жолақыны қымбаттатуды жоспарлап отырмыз. Карта бойынша төлем жасайтындар қазіргідей 90 теңге төлей береді. Ал, қоғамдық көліктерде жол жүру құнын қолма-қол ақшамен айыратындар  180 теңге төлейтін болады" - деді, Исекешев.

Әкімнің сөзінше қазір Астанада транспорттық карта сататын орындардың санын көбейту көзделген екен. Кез келген тұрғын сол орындардан арнайы  карталарды сатып ала алады. Бұл - қоғамдық көліктермен жиі қатынайтын тұрғындар үшін тиімді болады дейді, әкім.

Осыған дейін, қалалық мәслихат депутаттары жолақысын 200 теңгеге қымбаттатпақ деген ақпарат тараған еді. Алайда қала басшысы бұл ақпаратты жаңсақ деді. Оның сөзінше, жолақысы 200 теңгеге емес, 180 теңгеге қымбаттайды.

“The Qazaq Times”