Ұлыбритания Ресей президенті Владимир Путинге және оның жақындарына қаржылай қысым көрсетпек.
ВВС ақпарат агенттігінің мәліметінше, Ұлыбритания Парламентінің халықаралық істер комитеті «Мәскеу алтыны: Ұлыбританиядағы Ресей жемқорлығы» атты зерттеу құжатын жариялаған. Құжат авторлары ұзақ жылдар бойы Ұлыбритания аумағына келген ресейлік олигархтардың «арам қаржыларына» ешқандай тосқауыл қоймағандықтарын, жемқорлыққа қарсы жүйелердің өз деңгейінде жұмыс істемей жатқандығын мойындайды және алдағы уақытта Ресей президенті Владимир Путин мен оның жақындарына қаржылай қысым көрсететін жаңа жүйе қалыптастыру қажет екендігін алға тартады.
"Transparency International" ұйымының Ұлыбритания бөлімшесінің зерттеулері бойынша, қазіргі таңда ел аумағында жемқорлықпен келген 4,4 миллиард фунд стерлинг қаржы бар. Олардың шамамен 970 миллионы ресейлік олигархтарға тиесілі. Бірақ ұйым мүшелері бұл ақпараттардың «айзбергтың басы» ғана екендігін мойындайды. Себебі осы уақытқа дейін Ұлыбритания құзырлы органдары ресейлік компаниялардың ел аумағынан қандай да бір жылжымайтын мүлік немесе компания акцияларын сатып алуына тыйым салуға қауқарсыз болып келген. Ұйым өз сөздеріне дәлел ретінде 2017 жылы Ұлыбританияда болған халықтық IPO-ны мысалға келтіреді. 2017 жылы Ресейдің қару-жарақ тасымалымен айналысатын «Русал» компаниясы мен санкцияға іліккен ВТБ банкімен байланысы бар «En+Group» компаниясы халықтық IPO-ға қатысып, Ұлыбритания биржасынан құны 1,5 миллиард фундты құрайтын құнды қағаздарды сатып алған. Бұған сол уақытта Ұлыбритания қаржы бақылау басқармасы ешқандай кедергі келтіре алмаған.