Екі күн бұрын АҚШ-тың Израиль еліндегі бас елшілігі Иерусалим қаласында ашылды және елшіліктің ашылу рәсімі дабыралы әрі салтанатты өтті. Елшіліктің ашылуына АҚШ президенті Дональд Трамптың қызы Иванка Трамп пен күйеу баласы Жаред Кушнер арнайы келіп қатысты. АҚШ-тың бұл шешіміне палестиналықтар күшті қарсылық танытып келген. Елшіліктің Иерусалимде ашылуымен палестиналықтардың Израильге қарсы демонстрациясы басталып кетті.
Газада он мыңдаған палестиналық топтасып, шекараға қарай шеру жасады. Ал Израиль қарулы күштері оларды оқпен қарсы алды. Бұл қақтығыстардан ондаған палестиналықтар қаза тапты. Бұл қақтығыстар АҚШ елшілігінің Иерусалимге көшірілген күні орын алды. Ал, палестиналық дәрігерлер қарсылық акциясына қатысқан 55 адамның қаза тауып, 2700 адамның дәрігерлік көмек сұрай келгенін мәлімдеді. Бұл қақтығыстардан бірде бір израильдік жарақат алмады деген хабарлар да бар.
Құқық қорғау ұйымдары да Израиль армиясының қарулы әрекеттерін сынға алғанымен, еврей жұртының басшысы «Қарулы күштердің нысанасы бейбіт халық емес, ХАМАС ұйымының нысандары» дегеннен жазбады.
Болып жатқан қанды оқиғаға байланысты тәуелсіз зерттеу тобы арқылы анықтау жөнінде Кувейттің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне ұсынған жобасына АҚШ тарабы қарсы шықты. Ақ үй режимі бұл оқиғаларға өз одақтасы Израиль қарулы күштерін емес, Хамас тобын айыпты деп отыр.
Әлем елдерінің лидерлері демонстранттарға қарсы оқ атқан еврей жасақтарын айыптап еді, бұған Израиль қарулы күштерінің өкілі қарсы мәлімдеме жасап: «Оқ демонстранттарға емес, олардың арасына кірап алған экстремистерге қарата атылды», – деп, неше мыңдаған адам ішіндегі экстремистерді «жазбай танитындарын» айтып салды.
Мәліметтерге қарағанда, демонстранттар шекараға қарата тас және жарылғыш заттар лақтырған. Израиль тарабы арнайы мергендерді пайдаланған. Палестина автономиясының өкілі Юсуф әл-Махмұд Израиль билігін айыптап, халықаралық ұйымнан көмек сұрады. «Халықаралық амнистия» құқық қорғау ұйымы демонстранттарға қарсы оқ ату адам құқығын және халықаралық құқықты бұзу деп айыптады. Аталған ұйымның мәлімдеуінше, қарсылық акциясына қатысқан 500-ге жуық адам Израиль әскерлерінің оғынан жарақат алған.
«Халықаралық амнистия» ұйымының Твиттер парақшасында: «Біздің көз алдымызда адам құқығы мен халықаралық құқықтар өрескел бұзылу үрейі болып жатыр. Газа секторында көптеген адам мерт болды, екі мыңдай адам жарақат алды. Бұл үрей тудыратын әрекеттер тез арада тоқтатылуы керек», – деді.
Ал, Израиль армиясы тарабынан жасалған мәлімдемеде: «Газада 40 мыңға жуық адам тәртіпсіздік ұйымдастырып, шекараны бұзып өтуге әрекет жасады. Әскерлеріміз ережеге сай әрекет етті», – деді.
Палестиналық демонстраттар оққа ұшып жатқанда, дағдылы түрде АҚШ Израильдың әрекетін қолдады. Ал, аталмыш адам құқығын ұрандаушы халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері дәрменсіздік танытты. Араб елдері мен өзге мұсылман елдерінің әр түрлі ұйымдары да айыптау мен сындаудан арыға бармай, қырғынға ұшыраған палестиналықтар тағдыры елеусіз қалды.