Жақында Тайланд пен Филиппин елдері көздің жауын алған табиғи жаратылыстық сұлулығымен әлемге танымал болған екі аймаққа туристердің баруын шектеді. Тайланд үкіметінің бұл туралы мәлімдемесінде, күн сайын ағылып келіп жатқан сан мыңдаған саяхатшылардан Мая Бэйдің экологиясына ауыр зиян келгендіктен бұл туристік аймақты уақытша жапқаны айтылған. Естеріңізде болса бұл аймақ 2000 жылы түсірілген, бас рөлде Леонардо Ди Каприо ойнаған «The Beach» атты көркем фильмнен кейін әлемге танымал болған еді. Ал Филиппин үкіметі: «Боракай аралы адамға толған «кір көлшікке» айналды», – деп бірнеше айға жапқан.
Әлемде туристердің табанында тозған көркем орындар тек Мая Бэй мен Боракай аралы ғана емес. Еуропаның мақтанышы Венеция мен Дубровник қалалары да миллиондап келген саяхатшылардан қажығанын хабарлады.
2017 жылы Барселона әкімшілігі лицензиясыз интернет арқылы өз бөлмелерін туристерге жалға берген тұрғындарға қарсы шара қолданды. Себебі, қала тұрғындары пәтерлерін қымбат бағада шетелдік туристерге беріп, қаланың жергілікті тұрғындарына пәтер жалға алу аса қымбатқа түсетін болған. Әлемнің кейбір танымал саяхат орындары тынбай ағылған туристерді азайту мақсатында әдейі бағаны қымбаттатып жіберген. BBC хабарында туристерден шаршаған бес аймақты атап көрсетті.
1 Тайланд Майя Бэйі туристерді қарсы алмайтын болды.
Таза суы, әппақ құмы және көз жауын алған жаратылысымен әлемге танылған Майя Бэйге әр күні 5 мың турист барады. Орта қорғау тараулары аймақтың теңіз маржандарының (коралл) 77 пайызы бүлінгенін, оның негізгі себебі туристерден қалған жарақсыз заттардан екені алға тартты. Тайланд үкіметі маусым мен қыркүйек арасында бұл аймақты жапты. Бірақ, бұл шара мәселені шеше алмайтынын анық.
Тайландтың орта қорғау мамандары бұдан бұрын да бүлінген аралдарды үш жылға дейін жауап тастағанын, осы мерзімде теңіз маржандарының қалпына келе бастағанын айтады. Демек, әлемге танымал Майя Бэйді сақтап қалу үшін ұзақ уақытқа жауып тастау керек. Ол туристерге ашылған күннің өзінде әр күні 2000 саяхатшыдан артық қабылдамайтын болады. Бірақ жергілікті билік бұл ережені атқарудың қиынға соғатынын айтады.
2 Италия: Чинкве-Терре қаласы жаңа технологияға бет бұрды
Алуан түске боялған ежелгі қала Чинкве-Терре қаласы жылына 5 млн саяхатшыны қабылдайды. Топырлаған туристерден жартастағы қаланың баспалдақтары тозып, туристер мен тұрғындардың өміріне қауіп төндіруге айналған. Жартасқа орнатылған басбалдақ ағаштар бір уақытта жүздеген адамды көтере алмайды. Сондықтан Чинкве-Терре қаласы баспалдақтардағы адам санын көрсетіп смартфонға арналған арнайы құрылғы таратты. Ол туристерге адам аз жүрген баспалдақ арқылы қаланы аралауына бағдар бере алады. Бұған қоса қала тұрғындары туристердің санын қысқартуды талап етуде. Алдағы уақытта аталған программа арқылы кезекке тұруға болады.
3 Перу: Мачу-Пикчудағы жаңа жүйе
Перудегі Мачу-Пикчу қорғаны да әлем саяхатшыларын өзіне тартады. Бірақ, бұл қорғанға жету үшін біраз еңбектенуге тура келеді. Тау шыңына салынған қорғанға бару үшін «Инка жолы» арқылы Андеан жайлауын басып, талай таудан асып жүріп жетеді. Алайда, ағылған туристер арасында жолсыздан жол тауып, тылсым қорғанның басқа қырынан суретке түсіргісі келетін «жанкештілер» жасыл тауларды айғыз-айғыз жолға айналдырған. Оған қоса тарихи маңызға ие бұл аймақ жарақсыз заттарға толып кеткен. Перу билігінің шектеулеріне қарамастан Мачу-Пикчуға баратын туристер саны 2500 адамнан кемімей тұр.
4 Оңтүстік Корея: Чежу аралы
2017 жылы Сеуіл мен Чежу аралы ортасында 65 мың рет ұшақ қатынап, әр күні 180 ұшаққа тура келген. Жылына 15 млн турист Чежу аралына саяхат жасаған. Бұл 2 мың шаршы шақырым аумақтағы арал үшін тым ауыр жағдай. Мұнша көп саяхатшыны Чежу аралында мыңдаған жыл бұрын атылған жанар тау қалдықтары мен табиғи көрінісі қызықтырады.
Дегенмен, Оңтүстік Корея үкіметі туристердің санын қысқартуға тырысқан жоқ. Керісінше аралға тағы бір әуежай салуды жоспарлауда. Тіпті, 2035 жылға дейін аралға келушілер санын 45 млн адамға жеткізуге тырысып отыр.
Чежу аралына Қытайдан баратын туристер саны көп болған. Бірақ, Оңтүстік Корея АҚШ-тың «Сад» зымыран қорғаныс жүйесін орнатқаннан кейін, Бейжің тарабы бұған наразылық білдіріп, өз туристтеріне шектеу қойды. Тек соңғы кезде ғана Оңтүстік Кореяға турлар қайтара сатуға рұқсат берді.
5 Колумбия: Каньо-Кристалес
Колумбия мақтанышы Каньо-Кристалеске барғандар өзге ғаламшарға барғандай күйде болады. Аймақтағы алуан түсті өсімдіктерден дария сулары түрлі реңге боялғандай көрінеді. Жергілікті тұрғындар бұл аймақты «сұйық күн желісі» деп атасады. Бұған дейін Каньо-Кристалес көтерілісші қарулы күштердің бақылауында болып келген. Шетелдік және жергілікті туристер аймаққа жақындай алмаған. 2016 жылы Колумбия үкіметі мен көтерілісші топтар арасындағы келісімнен кейін бұл аймақ әлем саяхатшыларының сүйікті мекеніне айналды.
Әрине, Кань-Кристалеске алдынғы аталған туристік аймақтардағыдай миллиондап туристер келе бермейді. 2016 жылы шамамен 16 мың турист барған екен. Бірақ, аймақтың экологиясы тым нәзік жаратылыс болғандықтан туристер санын қысқарту туралы шаралар қабылдануда. Каньо-Кристалес алдынғы айтылған туристік орындардың тағдырынан сабақ алып, алдын ала әрекет жасауда. Онда бірқатар ережелер жасалды, айталық бұл аймаққа пластик заттар алып кіру барынша шектеледі. Күнге және құрт-құмырысқаға қарсы кремдер қолданып суға түсуге болмайды. Кей өңірлерінде суға түсуге толығымен шектеу қойылған. Бұдан тыс, темекі шегуге және балықтарға жем беруге тыйым салынған. Бұл аймаққа келген туристер міндетті түрде түсіндіру сабақтарына қатысуы керек, содан кейін ғана билет сатып ала алады.