Өзбекстан соңғы уақыттары өзінің әскери қуатын арттыруда. Ол осы мақсатта әлемдік державалармен әскери-техникалық әріптестік орнатып, армиясын толыққанды модернизациядан өткізуде.
Сәуір айының 9-ы күні Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев АҚШ-пен әскери-техникалық әріптестік орнатуға байланысты құжатқа қол қойды. Сарапшылар пікірінше, қазіргі таңда ресми Ташкент 2005 жылы болған Әндіжан оқиғасынан кейін нашарлаған Уашингтонмен арадағы қарым-қатынасын жақсарту үшін барын салуда. Оның үстіне АҚШ-та Өзбекстанмен әскери салада әріптестік орнатуға ниетті. Себебі Әндіжан оқиғасына дейін 2001-2005 жылдар аралығында Пентагон Өзбекстанның Ауғанстанмен шекаралас ауданында орналасқан Ханабад әуе базасын пайдаланған. Бұл АҚШ армиясына ешқандай кедергісіз Ауғанстанға қару-жарақ, қосымша әскер қосындарын жөнелтуге мүмкіндік берген. Бірақ 2005 жылғы қанды қырғынынан соң Өзбекстан парламенті Пентагон иелігіндегі әуе базасын қайтарып алуға шешім шығарған. Өз кезегінде АҚШ Өзбекстан билігін «адам құқықтарын аяқасты етті» деп айыптап, қандай да бір байланыс орнатудан бас тартқан. Ал НАТО әскери блокқа мүше елдерге Өзбекстанға қару-жарақ сатуға тыйым салған. Осыдан кейін ресми Ташкент қару-жарақты тек Ресейден тасымалдаған. Ұзақ жылдар бойы Өзбекстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас «стратегиялық әріптестік» және «экономикалық әріптестікті дамыту» келісім құжаттары негізінде жүргізіліп келген. Алайда 2012 жылы ресми Ташкент «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының» (ОДКБ) құрамынан шығып, АҚШ, Түркия және НАТО елдерімен қайтадан әскери әріптестігін жандандыра бастаған.
Билік басына Шавкат Мирзиеевтың келуімен Өзбекстанның АҚШ, Түркия және НАТО елдерімен әскери-техникалық бағытта қарым-қатынас орнатуы жаңа деңгейге көтерілді. Осы уақытқа дейін Өзбекстан әскери-техникалық бағытта 13 жол картасын қабылдады. Қорғаныс саласына бөлінетін бюджет қаржысын 1,4 миллиард долларға жеткізді. Қорғаныс министрлігіндегі 70 жоғары санаттағы офицерді жұмыстан қуып, Бас штаб басшылығын қайта жасақтады. Соңғы үш жылда Өзбекстан Франциядан 14 тікұшақ, Испаниядан 4 бірдей С-295W жеңіл-турбиналы тасымалдаушы ұшақтарын, Болгариядан гранатомед құрылғыларын, Чехиядан радиоэлектроникалық әуе қорғанысы жүйелерін сатып алды. Нәтижесінде Өзбекстан армиясы ешқандай халықаралық коалицияға немесе ұйымға мүше болмай ақ әскери қуаты жағынан әлем бойынша 48 орынға тұрақтады. Бұдан бөлек Шавкат Мирзиеев биылдан бастап Әзірбайжанмен әскери-текхникалық әріптестік орнатуға байланысты құжаттарға қол қойды және Қазақстанмен брондалған әскери техникалар сатып алуға келісімге келді. Бір сөзбен айтқанда Өзбекстан армиясы өзінің әл-ауқатын өткен жылдармен салыстырғанда бірнеше есеге күшейтті.