Апта соңында Сүрияда тағы да химиялық шабуылдан 40 адам қаза тапты. Улы газбен жасалған шабуыл Башар Асад күштері жағынан Шығыс Гутадағы Дума ауданында болған. Бұл Сүрия оппозициялық топтарының бақылауындағы соңғы аудан саналады. Химиялық шабуылдан жүзден аса бейбіт тұрғынның зардап шеккенін оппозициялық топтардың жетекшілері мәлімдеді. Олар алдағы уақытта қаза болғандар санының арта түсуі мүмкін екенін алға тартқан. Бұл туралы «Шинлаң» ақпараттық сайты хабарлады.

Сүриядағы Адам құқығын қорғау ұйымының 4 сәуір күні жариялаған мәліметіне қарағанда, Сүрия соғысы басталғалы бері Башар Асад күштері 214 рет химиялық шабуыл жасаған. Хан-Шейхун қырғынынан кейін де 11 рет химиялық шабуыл жасады деп айыптады.

Ресейдің кепілдігімен Шығыс Гутада бейбіт халықты эвакуациялау 22 наурыз күні басталған болатын. Екі тарап тек Дума ауданының иелігі туралы келісімге келе алмады. Осыдан бұрын үкіметке қарсы топтардың аталған ауданды тастап кететіні де хабарланған болатын. Алайда, тараптардың келіссөздері шабуылдарға тосқауыл қоя алмады. Мәліметтерге қарағанда, Дума ауданында кемінде 100 тұрғын қоршауда қалған.

 “The Qazaq Times”