Құрама Штат пен Мексика арасына қорған салдырмақ болған президент Трамп, енді екі ел шекарасына қарулы әскер орналастыратынын мәлімдеді. Оның мәлімдеуінше 4 мыңнан астам қарулы жасақ АҚШ пен Мексика шекарасына қорған құрылысы аяқталғанға дейін міндет өтейді. Бұл туралы «Шинлаң» ақпараттық сайты хабарлады.
Президенттің бұйрығынан кейін Пентагон жоспарды орындауға бірден кіріскен. Екі ел арасындағы шекараны бекіту Трамптың президент сайлауы кезінде америкалықтарға берген елеулі уәдесінің бірі. Ол Мексика шекарасы АҚШ-қа заңсыз кіретін мигранттардың негізгі жолы. Осы шекараны бекіту арқылы Америка Құрама Штаттарына заңсыз кіретін келімсектерден тазартатынын айтқан. Трамп бұл уәдесін орындауға президент қызметінің алғашқы аптасында-ақ кіріскен еді.
Мексика тарабы бұған наразылық білдіруде. Мексика президенті бұл туралы сөзінде: «Біз кездесуге дайынбыз, бірақ бір-бірімізге деген құрмет негізінде ғана. Президент Трамп АҚШ-тың ішкі проблемасын бізден көріп отыр. Құрама Штаттың ішкі проблемасын жөнге салуда бізге кедергі келтірмеуі керек», – деді.