"Өткен аптаның жұма күні Газа секторында болған қанды көтерілістен кейін Израиль мен Түркия бір-біріне кінә артып, тағы да егеске көшті", - деп хабарлайды "euronews.com" ақпарат агенттігінің орыс редакциясы.
Қолға түскен ақпараттарға қарағанда, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Израиль үкіметін палестиналықтарға қарсы қару қолданды деп кінәлаған. Ол Израиль Қорғаныс күштерінің әрекетін адамгершілікке жатпайтын шабуыл жасады деп айыптап, оларды террорист деп атады. Соның бірі ретінде, "Біз террористерге қатысты істі үнемі назарда ұстаймыз, бірақ бұл сендердің міндеттерің емес. Себебі, сендердің өздерің террористік мемлекет болып табыласыңдар. Сендердің террористік мемлекет ретінде Газа мен Иерусалимдегі былықтарың бәріне аян" ,- деген сөзін мысалға келтіруге болады.
Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньхя та үнсіз қалмады. Ол бұған жауап ретінде, түріктердің әскери әрекеттері кезінде көптеген бейбіт тұрғынның қаза тапқандарына қатысты Анкараға айып тағылғанын еске салып: "Ердоғанға біраз нәрсені салмақтап көрген дұрыс. Солтүстік Кипрды басып алып, күрдтердің жеріне баса-көктеп кіріп, Африндегі бейбіт тұрғындарды өлтіргендердің бізді адамгершілік пен әдепке қатысты айыптауға құқығы жоқ", - деп, тағы бір мәрте қайталады.
Естеріңізге сала кетсек, 30 наурыз күні Палестина мен Газа секторы шекарасындағы қарсылық әрекеті кезінде 17 адам қаза тапқан еді. Израиль әскері тек террорлық әрекет ұйымдастыруға тырысып, әскерилерге шабуыл жасағандарға ғана оқ жаудырдық дегендерінен қайтпауда. Ал Еуроодақ өткен жұмадағы осы оқиғаға қатысты тәуелсіз зерттеу жүргізуге шақыруда. Алайда Израиль үкіметі бұл ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартты.